Астанада Ауғанстан әйелдеріне арналған конференция өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Станислав Василенко бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан мәселелері туралы отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Ауғанстағы жағдайға баға беретін және бұл елге көмектесу бойынша БҰҰ өкілдігінің мандатын тағы бір жылға ұзартатын 2405 қарарын қабылдады.

Отырысқа қатысушылар 2018 жылдың қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Қазақстан төрағалығымен Ауғанстанға сапарын жоғары бағалады, бұл сапар елдегі жағдайға тереңірек үңілуге мүмкіндік берген. Одан бөлек, 19 қаңтар күні БҰҰ ҚК Қазақстанның жетекшілігімен ұйымдастырылған «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестік құру» кездесуінің де маңызды әрі тиімді болғаны аталып өтті.

Өз сөзінде С.Василенко Ауғанстан тап болып отырған саяси және экономикалық мәселелер, қауіпсіздікке төнген қатер өңір елдерінің, халықаралық қауымдастықтың және Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты қолдауын талап етеді. Елдегі шиеленістерді шешуде жастармен қатар әйелдердің де маңызды рөл ойнайтынын жеткізді. Осыған қатысты, 2018 жылдың күзінде Астанада «Ауғанстандағы әйелдер үшін мүмкіндіктерді кеңейту» халықаралық конференциясын ұйымдастыру жоспарлануда.

«Біздің еліміз Еуропалық одақ пен өзге серіктестердің ортақ қаржыландыруымен ауған азаматтарына білім беру бағдарламасын жалғастыру бастамасын көтерді. Біздегі құны 50 миллион доллар болатын білім беру бағдарламасы аясында 2010-2021 жылдары Қазақстан ЖОО-ларында мыңға жуық Ауғанстан азаматтары білім алады», - деді С. Василенко.

Қазіргі уақытта Еуропалық одақ БҰҰ «UN Women» ұйымымен бірлесе жүзеге асыратын, елімізде ауған қыздарын оқытуға бағытталған ортақ жобаның алғашқы кезеңін қаржыландыруға кіріскен.

Соңғы жаңалықтар