Астанада атақты суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылады

None
None
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Мамырдың 18-і күні елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ресей көркемсурет академиясының академигі,

«Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Сальвадор Дали атындағы Халықаралық суретшілер одағының және Брюссельдегі «Еуро Юнион» сыйлықтарының иегері, Францияның «Өнер» орденінің кавалері, атақты суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылады. Бұл туралы аталған орталықтық баспасөз қызметінен хабарлады.

Қылқалам шебері 1974 жылдан бастап республикалық, халықаралық көрмелерге, сонымен қатар АҚШ, Белгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция, Жапония, секілді әлемнің 38 елінде жылжымалы көрме ұйымдастырған. Ерболат Төлепбай туындылары Эрмитажда және тағы басқа әлемнің даңқты мұражайларында Сальвадор Дали, Пикассо, Сезанн, Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль сияқты әлемге әйгiлi суретшiлердiң еңбектерiмен қатар тұр. Ол Орта Азия мен Қазақстан қылқалам шеберлері үшiн арманға айналған Ресейдің Третьяков галереясында алғаш рет өзiнiң жеке көрмесiн ұйымдастырған кескіндемеші.

«Суретші шығармалары соңғы 15 жыл бойы шет елдердің танымал галереяларында көрермен назарына ұсынып келеді. Өз Отанында көп жыл бойы көрме өткізбеген қылқалам шеберінің алғашқы көрмесі Халықаралық мұражай күні қарсаңында ҚР Президенттік мәдениет орталығында ұйымдастырылып отыр», делінген баспасөз баянында.

Көрмеге суретшінің «Күту», «Би», «Ана бөбектерімен», «Даладағы тал түс», «Дала балладасы» және т.б. 70-тен астам ұлттық дүниетанымдағы туындылары қойылады.

Іс-шараға ҚР Президент әкімшілігі, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Мәдениет министрлігі, Елшіліктер өкілдері, Астана және Алматы қаласының суретшілері, Астана қаласы мұражайларының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.

Көрме маусымның 20-сына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар