Астанада атақты күйші Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығына арналған кеш өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Астана концерт залында» XIX ғасырда қытайдың Алтай аймағы Буыршын ауданында өмір сүрген атақты би әрі белгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығына арналған «Әділ би, тарлан күйші» атты концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласы филармониясы «Сарыарқа» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ержан Тоқсабановтың айтуынша, өнер ұжымы Бейсенбінің күйлерін он жылдан бері тыңдармандарына ұсынып келе жатыр. Олардың қоржынында қазіргі уақытта әйгілі күйшінің жиырмадан астам күйі бар. Бір ансамбль қорында бір күйшінің жиырмадан астам күйі болуы бұл жайдан жай емес, ол дегеніміз Бейсенбі Дөненбайұлы көптің бірі емес екенін көрсетеді.

«Осы жолғы Бежеңнің «Әділ би, тарлан күйші» атты шығармашылық кешін өткізуге ең әуелі мұрындық болған Астана қаласы әкімдігіне қарасты Мемлекеттік академиялық филармониясының басшылығы», - дейді «Сарыарқа» ансамблінің сыбызғышысы Шығыс Мақанұлы.

«Біздің басты жоспарымыз - Бейсенбі Дөненбайұлының мол мәдени мұралары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуді мақсат тұтып, осындай қолда бар орайлы сәттер арқылы, екі ғасырдан астам уақыт өтсе де ел есінде жатталып келген туындыларды жалпақ жұртқа жария ету болатын», - дейді сыбызғышы Ш. Мақанұлы. 
«Бұл жерде мен неге «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» деп отырмын», - деп жалғады сөзін сыбызғышы Шығыс Мақанұлы.  - Соңғы төрт, бес жылда Бежеңнің күйлерін кейбір сазгерсымақтар өз қанжығаларына байлап, талан-таражға түсіп, тоналып жатқанын көріп, өнер адамы ретінде жүрегім ауырып, қатты уайымдап жүрмін. Бежеңнің күйлерін ел назарына жеткізу, кейінгі жас ұрпаққа дәріптеуге осы уақытқа дейін ешкім әрекет жасамаған соң, осылай басшыларымыздың қолдауымен, өзіміз ұжым болып қолға алуға тура келді. Осы кешті өткізудегі басты мақсатымыз - бұдан екі ғасырға жуық бұрын өмір сүрсе де, би ретіндегі әділдігі, күйші ретіндегі дарындылығы ел аузынан әлі күнге қалмай келе жатқан тарлан күйшінің күйлерін тоздырмау. Егер осы кешіміз сәтті өтіп, көп көрерменді тарта алсақ, онда күйші бабамыздың алдындағы парызымызды өтеген болар едік», деп түйіндеді ол сөзін.

Айта кету керек, Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872) Қытайдың Алтай аймағы, Буыршын ауданында туған. Сол дәуірдегі Алтайдағы әйгілі төрт бидің бірі болған. Әділ билігімен, асқан домбырашы, сазгерлігімен халыққа кеңінен танылған. Бейсенбі күйлері қытай қазақтары арасында, Моңғолия, Шығыс Қазақстан өңірлерінде кеңінен тараған. Аталған кеште бүгінгі күнге 147 күйі жетіп отырған Бежеңнің 20-дан астам туындысы ансамбльде, арнайы домбыра, нарқобыз, сыбызғы, адырна сынды аспаптарда орындалады. 

Аталған кеш сағат 17:00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар