Астанада ашық құдықтар проблемасы қалай шешілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек ашық жатқан кәріз құдықтарын анықтау, оларды жабу, қауіпсіз ету тұрғысында атқарылып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құдықтар қақпақтарының ұрлануы - бүгінгі күні өткір тұрған мәселелердің бірі. Ол туралы есептік кездесуінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов та айтты. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ашық құдықтар туралы қала тұрғындары да фотосуреттерді жүктеп, мекен жайларды жазу арқылы әлеуметтік желілерде хабарлауда», - деп жазды әкім орынбасары Фейсбуктегі парақшасында.

Бүгінде коммуналдық кәсіпорындарының балансында 65 мыңға жуық құдық болса, жекеменшіктердің саны 20 мыңнан асып жығылады. Барлығы өзіндік техникалық сипаттарға ие. Ең қауіптілері - терең құдықтар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары олардың орналасу жерлеріне және қолданылуына қарай жүргізілуде.

Арман Тұрлыбектің айтуынша, қала басшысының тапсырмасымен люктардың қақпақтарының астына металл торлар орнатылуда. Олар кәріз жүйесінің ішіне құлап кетуден қорғайды.

«Астана-Жылутранзит» осылайша 6 мыңнан астам құдықты жапты. «Астана су арнасы», «Астана-РЭК» және «Қазақтелеком» та жұмысты бастап кетті. Басты назарда әлеуметтік нысандар және тұрғын үйлер аумағы», - деді ол.

Қала сыртында құдықтар көп эксплуатацияланбайды. Сондықтан ұрлану фактілері дәл сол аумақтарда өте көп. Бүгінде олар бетонды плиталармен бастырылуда. Қажет болған жағдайда арнайы техникамен ашылады.



Елорда билігі көп жарнамаланып жатқан полимерлі жіптерден тоқылған торларды да орнатып көрген. Өкінішке қарай, олар тез жыртылады, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды.



Әкім орынбасарының сөзінше, полимерлі материалдардан жасалған қақпақтар да үлкен жүктемені көтере алмайды. Сол себепті тек тротуарларда, көгалдарда, саябақтар мен гүл бақтарында орнатылуда. Бірақ оларды да жиынтық түрінде сатуға болатындықтан, ұрлана бастаған. Ондай құдықтарға да темір торлар орнату көзделіп отыр.

Арман Тұрлыбек ашық жатқан құдықтарды өз беттерімен анықтап, оларды жеке қаражатқа сатып алынған полимерлі люктармен жауып жатқан Санжар есімді кәсіпкердің бастамасын үлгі етті.

Ол қала тұрғындарының құдықтарға датчиктер орнату ұсынысына да жауап берді. Атап өтуінше, бұл - өте қымбат әрі орындалу мерзімі ұзақ жоба. Дегенмен, оны іске асыру жолдары алдағы уақытта қарастырылатынын жоққа шығармады.

Бүгінде қала аудандарының әкімдері мобильді топтар құрып, құдықтарға металл торларды орнату және металл қабылдау орындарын анықтауды күнделікті жүргізеді.


Полиция органдары да Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесе металл сынықтарын қабылдайтын орындарды тексеру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Тиісті рұқсат қағаздары болмаған жағдайда оларды жабу бойынша барлық шаралар қабылданып жатыр. «Бірақ, өкінішке қарай, металл сынықтарын қабылдау саласындағы заңнаманы ырықтандыру және мұндай пункттерді ашу үшін жәй ғана хабардар ету тәртібі олардың иелерінің жауыпсыздығына алып келді. Олар құдықтардың қақпағын және қала шаруашылығының өзге де мүлкін қабылдай береді. Елордада барлығы 118 металл қабылдау пункті бар, 20-сы бүгінде жабылды», - дейді ол.

Әкім орынбасары қақпақтары ұрланған немесе олар сынық болған жағдайда 109 тегін телефон нөміріне немесе жеке өзіне WatsApp мессенджеріне жазуға кеңес берді. Жекеменшік құдықтардың иелерінен де қосымша қауіпсіздік шараларын қолға алуды сұрады.

Соңғы жаңалықтар