Астанада Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған фестиваль өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын ұйымдастырылатын Қазақстан драма театрларының XXV республикалық фестивалі көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бар ғұмырын театр өнеріне арнаған сарабдал сыншы, бірегей театр қайраткерінің шығармашылығын көпшілікке дәріптеу, соңынан қалдырған мұраларын жаңғырту, есімін ел есінде мәңгі қалдыруды мақсат еткен фестиваль Астанада 9-13 қыркүйек күндері өтеді.

«Жыл сайын өткізіп келе жатқан фестивальді биыл Әшірбек Сығайға арнауды ұйғардық.  Біздің театр өнерін әлемдік аренада көрсетіп жүрген санаулы сыншылардың бірі үш жыл бұрын өмірден озды. Қандай фестиваль өтсе де, театрдың әділ қазы алқасын Әшірбек аға басқаратын», - дейді Қазақстан театрлары қауымдастығының вице-президенті

Фестивальге соңғы 2-3 театрлық маусымда тұсаукесері өткен және беделді театр сыншыларының жоғары бағасына ие болған, бұрын фестивальдерге қатыспаған үздік қойылыммен қатысуға еліміздің драма, музыкалық драма, музыкалық-комедия, сатира, балалар мен жасөспірімдер театрлары қатысады. Олардың арасында республикалық Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Астана Жастар театры, Шығыс Қазақстан облысы «Дариға-ай» жастар театры, «Жас сахна» театрлары бар.

Фестивальдің ресми ашылуы 9 қыркүйек күні сағат 17:00-де «Жастар» театры сахнасында өтеді. Бес күн бойы Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары фестиваль қойылымдарын Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, «Қазақстан» Орталық Концерт Залы және Жастар театры сахналарынан тегін тамашалай алады.

Соңғы жаңалықтар