Астанада археолог Зайнолла Самашевтің 75 жылдық мерейтойына арналған шаралар өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық музейде белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашевтің 75 жылдық меретойына арналған ғылыми көрме мен салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғылыми ортаға қазақ жерінен табылған екінші «Алтын адамды» жарыққа шығарған ғалым ретінде танымал археолог Зайнолла Самашев биыл 75 жасқа толып жатыр. Кейінгі 10-15 жылдың көлемінде өзі туып-өскен өлке – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше жерінен бірнеше «Алтын адам» мен құнды жәдігер тапқан ғалымды құттықтауға елордадағы Ұлттық музейге Қазақстанның әр өңірінен белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, өнер майталмандары мен мемлекеттік орган басшылары жиналды.

Мерейтойда археологиялық жәдігер көрмесі ашылып, салтанатты жиын өтті. Көрмеге ғылыми ортаға «Үржар ханшайымы», «Елеке сазының «Алтын адамы», «Берел ханзадасы», «Шіліткі жәдігері» деген аттармен танымал археологиялық табыстардың ең құнды дүниелері қойылыпты.

Көрменің ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Нұрғиса Дәуешев, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахаметжанов сөз сөйлеп, ғалымның иығына жапан жауып, бағалы сыйлықтар табыстады.

«Адам барда мерейтой деген бола береді ғой. Мәселе онда емес, мынау табылып жатқан құндылықта. Осы мұраның бәрі біздің халыққа қызмет атқаруы керек. Бұл – біздің көне ортағасырлық тарихымызды қалыптастырудағы негізгі дереккөз. Осы тұрғыда біраз қызмет атқарып жатырмыз. Былтыр Англияға барып, дүниежүзін дүр сілкіндірген көрме өткізіп қайтқанымызды білесіздер. Біздің ата-бабаларымыз адамзат тарихына қандай құндылық сыйлағанын әлі де болса біле бермейтін елдер бар екен. Біздің мақсат – сондай елдерге біздің қандай мәдениет пен өркениеттің мұрагері екенімізді көрсету. Археологтарға бүгінгідей қолдау болып тұрса, ол мақсатқа жетеміз», - деді Зайнолла Самашев.

Ал салтанатты жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымға жолдаған құттықтау хатын оқумен басталды. Қазақ тарихын, көшпелі мәдениет өркениетінің шежіресін сақ пен ғұн дәуіріне дейін тереңдетуге атсалысқан ғалымға Мәдениет және спорт, Қорғаныс, Ғылым және жоғары білім министрлері де құттықтап хат жолдапты.

Шара аясында әйгілі тарихшы Бүркіт Аяған, жазушы Әлібек Асқаров, археолог Әбдеш Төлеубаев бастаған зиялы қауым өкілдері құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Жиында Зайнолла Самашевтің жетекшілігмен жүргізілген археологиялық зерттеулердің бәрінің түпнұсқасы әуелі қазақ тілінде жарияланатыны айрықша айтылды.


Соңғы жаңалықтар