Астанада аптап ыстық: «Ақылды» аялдамалардың жай-күйі қалай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы күндері елордада аптап ыстық қалыптасып отыр. Термометр +37С градусқа дейін көрсетіп тұр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі елорда аялдамаларын аралап, жолаушыларға қандай жағдай жасалғанын бақылап көрген еді.

Елордада дәстүрлі автобус аялдамаларынан бөлек, «ақылды» аялдамалар бар. Олар қала бойынша бірнеше жерде орналасқан. Аталған ақылды аялдаламалар қыстыгүні жылы, жаз мезгілінде салқын болып тұруы тиіс.

ҚазАқпарат тілшілері қала бойынша 10 «ақылды» аялдамадағы жағдайды бақылап көрді. Оның біреуінде ғана ауа баптағыш жұмыс істеп тұр. Аталған аялдама Республика даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында орналасқан. Ішінде шағын маркет бар, бірақ жолаушыларға орын аз, яғни аялдама тар. Сол себепті жолаушылардың көбі автобусты сыртта күтіп тұр.

«Көбіне автобусқа осы аялдама арқылы мінемін (аялдама Тәуелсіздік даңғылында орналасқан). Есігі сынған, жабылмайды. Есіктің жабылмайтыны әсіресе қыста қиын. Тағы бір проблема – аялдама тазартылмайды, қашан қарасаң қоқыс жатады. Сол сияқты Бейбітшілік көшесіндегі аялдамадан да жиі мінемін. Ол жақта да жағдай мәз емес. Аялдамаларда кондиционер тұр, сол сияқты WiFi болуы тиіс, бірақ олардың ешқайсысы істемейді. Оның үстіне соңғы күндері аптап ыстық», - деді автобус күтіп тұрған астаналық жолаушы Айгүл Смағұлова.

Бақылау барысында Мәңгілік ел даңғылы бойында орналасқан бірнеше «smart» аялдаманың талапқа сай істемей тұрғаны анықталды. Атап айтқанда, кондиционер қосылмаған, тиісінше іші жанып тұр. Ал жолаушылар сыртта ағаштардың көлеңкесін паналауда.

«Аялдама жолаушылар үшін ыңғайлы, конционер арасында істейді. Бірақ, бүгін істемей тұр. Автобустардың ішінде де кондиционер бар. Ыстық қиынға соғып жатқан жоқ», - дейді елорда тұрғыны Жанар Мұхамеджанова.

Жолаушы Хадиша Әмреева «Орбита» сауда үйі маңында орналасқан «ақылды» аялдаманың қыста ғана жұмыс істейтінін айтты.

«Қыста істеп тұрды, ал осы күндері ыстықта қайда тығыламыз? Менің қысымым жоғары, ыстыққа шыдамаймын, көбіне үйде отырамын. Дегенмен, арасында шаруалармен шығуға тура келеді. Кейде аялдаманы қаңғыбастар паналайды. Олар ұйықтап жатады немесе ішімдік ішіп отырады. Оларды қуып жіберуге аяйсың», - дейді астаналық.

Сондай-ақ жол-жөнекей (Түркістан – Керей-Жәнібек көшелерінің қиылысы) аялдаманың өзі жоқ, тек белгі ғана қойылған жағдайды байқадық. Ағаштың көлеңкесінде 2 жолаушы автобус күтіп тұрды.

Осы орайда біздің редакция қала аялдамаларындағы жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында елорда әкімдігіне сауал жолдады.

Еске сала кетсек, қалалық City Transportation Systems көлік компаниясының былтырғы мәліметінше, бүгінде елордада жалпы саны 164 «ақылды» аялдама бар.

Айта кетсек, кеше Қазгидромет елорда мен 17 өңірдегі аптап ыстыққа байланысты ескерту жариялаған еді.


Соңғы жаңалықтар