Астанада апаттылығы жоғары жолдардың тізімі жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жолдар мен көше қиылыстарының рейтингі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Kompetenz» сақтандыру компаниясының ақпараттық-талдау орталығы кезекті зерттеу жүргізіп, 2015 жылдан бері жинақталған статистикалық мәліметтерге талдау жасады.

Рейтингте Сарайшық даңғылы, М-1 көпірі көлік апаты бойынша көш бастап тұр. Бұл учаскеде жылдамдық режімін асыру, жолдың қарсы жолағына шығу, сондай-ақ көлікті басып озу кезінде ереже бұзу секілді жағдайлар жиі кездеседі.

Жол-көлік оқиғалары жиі кездесетін тізімде екінші орында С. Сейфуллин мен Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысы тұр. Бұл бірінші кезекте көше қиылысының шамадан тыс жүктемесіне байланысты. Осы учаскеден жеке және қоғамдық көліктер, жаяу жүргіншілер көп жүреді. Қиылыстағы ең көп тараған апат себебі көліктер арасындағы арақашықтықты сақтамауға қатысты болып отыр.

«Апаттылық жағынан үшінші орынға Сарыарқа мен Бөгенбай батыр даңғылдарының, сондай-ақ Бөгенбай батыр және Жеңіс даңғылдарының қиылыстары шықты. Бұл учаскелерде де көлік ағыны өте тығыз. Осы жерлерде жол-көлік апатына негізгі себеп қиылыстардан өту ережелерін сақтаумауға байланысты», - делінген талдау материалдарында.

Мұнымен қоса, Абай, Абылай хан және Қабанбай батыр даңғылдарында да қолайсыз апаттылық жағдайы қалыптасып отыр.

Таратылған мәліметтерге сүйенсек, Астанада жол-көлік оқиғасынан кейінгі темір тұлпарды жөндеудің орташа құны 214 159 теңгеге бағаланып тұр. Апаттық жағдайлар көбінесе жылдамдық режімін сақтамау, көше қиылыстарынан өту ережесін бұзу салдарынан орын алады.

Соңғы жаңалықтар