Астанада алғаш рет жекеменшік балабақшаларға мониторинг жүргізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың бірнеше балабақшасында бейнебақылау жүйесі ілкі режимде орнатылды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар балабақшада ілкі режимде зияткерлік бейнебақылау жүйесі енгізілді. Ол мемлекет тарапынан қаражат салуды қажет етпейді. Ең маңыздысы ата-аналар 24/7 режимінде балаларының немен айналысып жатқандығын бақылап отыра алады», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, балабақша қызметкерлерінің үстінен түскен әрбір шағымды қарау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына ата-аналар, қоғам өкілдері кіреді және олар сол мекемеге барып мән-жайды анықтайды. Абырой болғанда, елордада балабақша тәрбиешілерінің балаларға қол көтеру деректері тіркелген емес.

Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы алғаш рет мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшаларға мониторинг жүргізілгендігін айтты.

«Қорытындысында 4 балабақша мемлекеттік тапсырыс алу мүмкіншілігінен айрылды және 14 мекемеге ескерту жасалды. Олар ескертпелерді тамыз айының соңына дейін жоюы тиіс. Одан кейін оларға мемлекеттік тапсырысты ұзарту мәселесі шешілетін болады. Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс сомасы 23 мыңнан 27 мыңға дейін ұлғайтылды», - деді Әнуар Жанғозин.

Басқарма басшысының дерегінше, соңғы 2 жылдың ішінде 3-6  жас аралағындағы балаларды мектепке дейінгі даярлықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 70 пайыздан 81 пайызға дейін өсті. 

 Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы кезекте тұрған балалар саны 37 мыңнан 24 мың балаға дейін төмендеді.

Соңғы жаңалықтар