Астанада ақын Оңайгүл Тұржанның жыр кеші өтті (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Маңғыстау облысы мәдениетінің Астана қаласындағы күндері аясында танымал ақын Оңайгүл Тұржанның «Теңіздер де шөлдейді» атты кеші өтті.

Ақын шығармашылығына орай ұйымдастырылған драмалық-сазды жыр кеші азаттық тақырыбына арналған.

Кеш барысында әнші Тамара Асар, күйші Рымхан Әбілханұлы, әнші Марат Сафаров, сондай-ақ Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өз өнерлерімен тәнті етті. Өнерпаздар Оңайгүл Тұржанның сөзіне жазылған «Нарлы мекен», «Қара жорға», «Қазақ елім!» әндерін орындады.

Кеш қонақтары ретінде белгілі ақын-жазушылар, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, БАҚ өкілдері және басқа да жырсүйер қауым келді.

Айта кетейік, өзінің мазмұнды жырларымен республикамызға танымал О.Тұржанның ғылым саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясы екінші қайтара басылып шықты. Сондай-ақ Ыстамбұл университетінің профессорлары Айла және Айдемир Окаймен бірігіп жоғары оқу орындарына арналған «Жұртшылықпен байланыс: негізгі ұғымдар, стратегиясы мен тәжірибелері» атты оқулық жазып, жарыққа шығарды. Мұнымен қоса, ол аударма саласына да қомақты үлес қосты. Шетелдік классик-қаламгерлер С.Цвейг, З.Фрейд, В.Шойнка, Г.Васильев шығармаларын қазақ тіліне аударды.

О.Тұржан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің доценті, Фариза Оңғарсынова негізін қалаған «Тұмар» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым-зерттеуші, аудармашы. Ол «Самал» (1987), «Шерқала» (1998), «Жыр-дала» (2001), «Теңіздер де шөлдейді» (2003), «Жыр кітабы» (2007) атты бірнеше жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Жазушылар jдағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар