Астанада «Ақ орамал» атты жыр жинақтың тұсауы кесілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада ақын Жанайым Ауғанбайқызының «Ақ орамал» атты жыр жинағы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзгеше форматта өткен шығармашықы кешке ақын Несіпбек Айтұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиялының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы Асқар Алтай, белгілі абайтанушы Омар Жәлел, Қытайдан келген қандасымыз, танымал диктор Қызырбек Жанасылұлы секілді зиялы қауым өкілдері қатысты. Салиқалы кеш ақын Жанайым Ауғанбайқызының әкесінің ақ батасымен және ақынның әкесіне арнаған жүрек жарды шығармасымен басталды.

«Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында өлеңмен өрнек салған мықты ақын қыздар аз болған жоқ. Ұлбике, Саралардан тартып, кешегі Фариза, бүгіні Танакөз Толқынқызына дейін айтар болсақ, жыр көшіне ақық жырымен сән қосқан әйел ақындар көп-ақ. Бүгін, міне сол көшке «Ақ орамалымен«Жанайым Ауғанбайқызы қосылды. «Ақ орамалды» парақтап отырып, Жанайымның өлеңдерінен нәзіктікпен қатар, қазақ қыздарына тән ибалылықты, бұйығы ұяңдықты байқадым. Шынын айтайық, біздің қазіргі қазақ қыздарының поэзиясында, батыстың әсерінен бе, әлде орыс жазушыларының ықпалы ма, бір әдепсіздік белең алып барады. Өлең деген осы екен деп бәрін ашық жазатын болды да, қыздарға тән әдептілік, тектілік қасиет сұйылып бара жатқан еді. Жанайымның өлеңдері оқырмандарды сол қасиетпен қайта қауыштырды. Мен осыған қуандым», - деді Несібек Айтұлы.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізіп, жақында жарық көрген кітаптарды сыйлады әрі Жанайымның шығармашылық жолына табыс тіледі.

Салтанатты іс-шараның соңы ақынның сөзіне жазылған әндер орындалған әдеби-сазды кешке ұласты.

Жанайым Ауғанбайқызы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. «Шынжаң» телеарнасында диктор, жүгізуші болып қызмет істеген ол 2012 жылы атажұртқа оралған.


Соңғы жаңалықтар