Астанада АИТВ жұқтырғандар санының азайғаны анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылдың 15 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығында «Өз мәртебеңді біл» үндеуімен Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқанын жариялады. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен ЖИТС орталығы осы науқанға қосылып, алдын ала тексеруден өтудің маңызды екенін ескертуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, негіз индикатор бойынша біз 15-49 жас аралығындағы көрсеткіштерге қараймыз. 2017 жылдың 9 айының ішінде АИТВ инфекциясын жұқтырған 170 жағдай анықталса, биылғы 9 айда 150 жағдай тіркеліп отыр. Яғни, бізде бұл ретте төмендеу бар», - дейді Астана қаласының ЖИТС-дің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Бекмағамбетов.

Оның айтуына қарағанда, АИТВ инфекциясын жұқтыру жағдайының 79 пайызы жыныстық қатынас арқылы тараған. Инфекция жұқтырудың тағы бір себебі - гомосексуалдық жолмен таралуы.

«Бұрын біз аурудың таралуына негізінен жыныстық қатынасты жұмысына айналдырған адамдар себеп болады десек, қазіргі таңда бұл қауіпті инфекция халықтың сау бөлігінде де тіркеліп жатыр. Міне, сондықтан, БАҚ өкілдері арқылы алдын ала тексеруден өту керектігін көпшілікке ескертсек дейміз», - дейді ол.

Бір айлық науқан арқылы мамандар қоғам мен азаматтардың назарын АИТВ-ға тестіден өтудің маңыздылығы мен мәніне назар аудартпақ. Астана қаласының ЖИТС-дің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандарының айтуынша, бойында инфекция анықталған жағдайда алдын ала емделудің маңызы зор. Заманауи антиретровирустық препараттар өмір сапасын ұзартуға және жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өз мәртебесін білу - АИТВ жұқтырған анадан балаға жүктілік, босану және емізу кезінде вирустың берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан барлық жүкті әйелдерге АИТВ-ға екі рет тест тапсыру өте маңызды. 

Соңғы жаңалықтар