Астанада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92 пайызы өз мәртебесін біледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін - әлем бойынша Кемсітушілікке қарсы күрес күні. Жыл сайын ЮНЕЙДС бастамасымен аталып өтілетін бұл күн биыл «Қылмыссыздандыру өмірді сақтайды» атты ұранмен ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпара тілшісі.

Астана қаласы АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, кемсітушілікті жою кешенді түрде жүргізілуі әрі аурудың алдын алу шаралары туралы халықты ақпараттандыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтауға, халықтың негізгі топтарының профилактикалық және медициналық қызметтермен қамтылуына қол жеткізуге және кеңейтуге негізделуі тиіс. Кемсітушілік сияқты үлкен кедергіні жойған жағдайда ғана, АИТВ-инфекциясының алдын алуға және медициналық күтімнің тиімділігіне қол жеткізуге болады.

АИТВ-ға байланысты кемсітушіліктің қандай да бір түрлеріне жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде заңнамалық деңгейде бекітілген. Елімізде ЮНЭЙДС-тің «95-95-95» стратегиясы жүзеге асырылуда. Ол АИТВ-инфекциясының алдын алуды, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған орталықтың директоры Сабит Абдраимовтың айтуынша, тестілеу стратегиясын, күтім және емдеу бағдарламаларын іске асырудың арқасында қалада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92 пайызы өз мәртебесі туралы біледі. Олардың 82 пайызы антиретровирустық терапия қабылдайды, ал 87 пайызында вирустық жүктеме басылған.

Сонымен қатар ол АИТВ-мен ауыратын әйелдердің жүктілікті жоспарлау, босану әдістері және басқа да мәселелерде таңдау құқығы бар екенін, АИТВ-мен ауыратын балаларға білім беру ұйымдарына бару құқығы қамтамасыз етілетінін, АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында халықтың негізгі топтарының өкілдеріне АИТВ және ЖЖБИ диагностикасы, алдын алу және емдеу бойынша барлық қызметтер қолжетімділігін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар