Астанада АИТВ әдейі жұқтырған ер адам 2,5 жылға сотталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада қасақана АИТВ жұқтырған ер адам 2,6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының инфекцияны эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Інжу Аймағамбетова АИТВ-инфекциясын әдейі жұқтыру жағдайлары туралы айтып берді.

«Иә, мұндай жағдайлар көп емес, дегенмен фактілер бар. Мәселен биыл ер адам өзінің АИТВ-статусын ескертпей, көңіл қосқан әйелге инфекция жұқтырған. Кейіннен сот процесінде бұл оның жалғыз жыныстық қатынасы болғаны анықталды. Сондықтан материал тергеу органдарына берілді. Қазір қылмыстық іс қозғалып жатыр. Күдікті Ресей азаматы, жүк көлігін айдап келген және осында бір әйелмен танысқан. Біз эпидемиологиялық тергеу жүргіземіз, жұқтыру жолын, инфекцияның ықтимал көзін табамыз, содан кейін бұл адамға аурудың кімнен жұғуы мүмкін екенін айтамыз. Осылайша, қасақана ауру жұқтырған адамды сотқа беруге болады», - деп түсіндірді Інжу Аймағамбетова.

Яғни, АИТВ инфекциясы табылған адам ақпараттандыру туралы келісімге қол қояды. Ол өзінің диагнозы туралы білетіндіктен, бұл үшін жауапкершілік жүктеледі. Егер ол жыныстық қарым-қатынасқа түссе, төсектесіне АИТВ туралы хабарлауға міндетті.

«Жизнь вопреки» қоғамдық ұйымының басшысы Айна Мұқышева аталған сот ісінің қалай жүргенін баяндады.

«Бүгін осы қыздың ісі бойынша сот отырысы өтті. Оған ауру жұқтырған ер адам 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Негізі оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді, бірақ ол бұрын істі болмағандықтан, бұл мерзім қысқартылды», - деді А. Мұқышева.

Айта кетейік, жыл сайын 1 желтоқсанда әлемдік қауымдастық, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС қарсы күрес күнін өткізеді.

АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директоры Сәбит Әбдірайымов вирус жұқтырғандардың орташа жасы 20-30 жас екенін айтты. Бұл жалпы науқастар санының кем дегенде 54%-ын құрайды.

Сондай-ақ, Астанада АИТВ жұқтырған 200 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелген.


Соңғы жаңалықтар