Астанада 9 жасар қызды қағып кеткен жүргізуші ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала көшелерінде орнатылған бейнебақылау камералары заңбұзушылықты түсіріп қана қоймай, оқиға орнынан із суытып кеткен жүргізушілерді тез арада ұстауға да мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері ондай жағдайда жүргізушілерге оқиға орнынан кетіп қалмау жөнінде кеңес береді. Егер автокөлік иесі жол-көлік оқиғасы орын алған жерден із суытып кетер болса, оған қатаңырақ жаза қарастырылған.

Мәселен, 21 ақпан күні сағат 15.00 шамасында Сәтбаев-Петров көшелерінің қиылысында «Wolksvagen» маркалы автокөлік иесі рұқсат етілген жолда, бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрған тұста өтіп бара жатқан баланы қағып кеткен. Осыдан кейін жүргізуші жол апаты болған жерден қашып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 9 жасар қыз бала ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексерістен өткеннен кейін үйіне қайтарылған.

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасымен кешенді түрде іздестіру шараларының арқасында «Wolksvagen» автокөлігінің иесін ұстады. Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалып, оның нәтижесі бойынша жүргізушіге қатысты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Автокөлік коммуналдық айып алаңына жеткізілді.

Полиция департаментінен хабарланғандай, өткен жылы бейнебақылау камераларының арқасында 70 мыңға тарта әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, мыңға тарта қылмыстың беті ашылған.

Соңғы жаңалықтар