Астанада 8-қабаттағы терезеден баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев марапатталды
2022 жылғы 11 мамыр 17:05

Астанада 8-қабаттағы терезеден баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астанада 8-қабаттағы терезеден салбырап тұрған баланы құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ТЖ бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Күлшімбаев Ибрагим батыр азамат Шонтақбаев Сәбитті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Ол елордада баланы терезеден құлаудан құтқарды» делінген хабарламада.

Мәліметке сай, 11 мамыр күні сағат 10:21-де «Ұлы Дала көшесі, 27/1» мекенжайындағы үйдің 8-қабатындағы терезеде баланың ілініп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту орнына жеке құрамнан 7 адам және 2 бірлік техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бөлімшелері жедел жіберілген.

Құтқарушылар оқиға орнына келген кезде сегізінші қабаттағы балконның карнизіне ілінген баланы ер адам құтқарғаны анықталды.

«2019 жылы туған қыз бала терезеден ауып кеткен кезде үйде ешкім болмаған. Қуантарлығы, біздің кейіпкеріміз — 1985 жылы туған Сәбит Шонтақбаев, оны құтқарып қалды.

Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылған сәтті оқиға, бірақ қайғылы нәтиже беретін көптеген фактілер бар.

Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыздар!» деп түйінделген ТЖМ хабарламасы.
Айта кетейік, бұған дейін елордада 8 қабаттағы терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді ер адамның құтқарып қалғанын жазған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT