Астанада «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алам деушілерге үй жеткілікті - Исекешев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Әсет Исешекев Астанада «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада жыл сайын 2,3 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі, соның көбісінің бағасы «7-20-25» бағдарламасының өлшеміне сәйкес келеді.

«Соңғы үш жылда 7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бізде  «7-20-25» бағдарламасының өлшемімен сәйкес келетін жаңадан тұрғызылған баспаналар жеткілікті. Бүгінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесіп бірнеше жаңа бағдарламаны талқылау үстіндеміз», -деді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, Астана халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жаңадан шағын аудандар салынады.

«Біз қазір біраз жобаны қолға алып жатырмыз, оның көбісі - жеке инвестициялар. Айтар болсақ, «Барыс Арена» мұз айдынының оң және сол жақ бетінен шағын аудандар тұрғызу жоспарлануда. Одан бөлек, бүгінде тұрғын үй сатып алуда баға нарығына түзету енгізілген. Қазіргі нарық бағасы  әр шаршы метрі - 240-300 мың теңге аралығында. Көпқабатты тұрғын үй салу нарығында біз алда келеміз. Оның үстіне, жыл сайын Астанаға 50 мыңнан 100 мыңға дейінгі аралықта адамдар көшіп келеді. Қаланың болашағына қатысты жоспарлар мен жүктемелер көп»,- деді қала әкімі.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың наурыз айында Елбасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жаңа ипотекалық бағдарламаны әзірлеуді тапсырған болатын.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7 пайыз үстемемен ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Фото: astana-akshamy.kz

Соңғы жаңалықтар