Астанада 6 оқушы ағылшын тілінде ҰБТ тапсырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мектептерінің 6 түлегі Ұлттық бірыңғай тестті ағылшын тілінде тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық білім басқармасына сілтеме жасап.

«Биыл Астанада 5 870 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 90 проценті - 5 329 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Оның ішінде, 3 293 оқушы қазақ тілінде, 2030 - орыс тілінде және 6 оқушы - ағылшын тілінде тапсырады», - делінген қалалық білім басқармасының хабарламасында.

Атап айтқанда, ағылшын тіліндегі сынақтан Спектрум мектебінің 3 түлегі және №8, 4 және 77 мектеп оқушылары өтеді.

«Сонымен бірге, ҰБТ Астанадағы 3 университет базасында ұйымдастырылады. Олар: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті. ҰБТ өткізу орындарында онлайн көрсетілім қызметімен қамтамасыз етілген», - деп хабарлады мекеме.

Айта кетейік, Астана қаласында ҰБТ 2018 жылдың 20 маусынан 1 шілдеге дейін өтеді. Өткізу уақыты: сағат 9.00-ден 12.30-ға дейін.

Еске сала кетсек, Астананың білім басқармасы қоршаған ортаны қорғау мақсатында жалпы білім беру мектептерінен әуе шарларын ұшырмауды талап етті.

Соңғы жаңалықтар