Астанада 6 мыңнан астам бос жұмыс орны бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жұмыссыздық деңгейі республика бойынша орташадан төмен. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордалық еңбек нарығындағы жағдай тұрақты болып қала береді. Біздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз, бұл 4,7 пайыз болатын республикалық көрсеткіштен төмен. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығына 10 мыңнан астам азамат жүгінген. Оның 1,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинау үшін 500-ден астам жас маман Жастар тәжірибесі санаты бойынша орналасты. Бізге мүмкіндігі шектеулі 610 адам жүгінді, оның 336-сы жұмысқа орналасты. Бас бостандығынан айыру мекемесінен шыққан 30 адамның 13-і жұмыс тапты. Апробация қызметінің есебінде тұрған 45 адамның 16-сы жұмыспен қамтылды. Кәмелеттік жасқа толмай тұрып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 адамның жетеуі жұмыс істеп жүр», - деді Абай Баймолдин әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қысқартуға түскен 280 қызметкердің 150-і жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ, Абай Баймолдин қалалық орталықтың деректер базасында 761 жұмыс берушіден 6 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін жеткізді. 913 адамға жоспарланған қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 362 адам ғана өтуде.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шамамен 4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр.

Сонымен бірге, орталық басшысы 2018 жылдың қазан айынан бері электронды еңбек биржасы жұмыс істейтінін еске салды. Бұл биржа жұмыс берушілермен, жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен біріктірілген.

«Жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарының үлкен базасы қалыптасты. Ол бәріне қолжетімді. Адамдар үйден шықпай-ақ, жұмыс іздеп, жұмыс берушілермен тілдесе алады. Одан бөлек, «Атамекен» ҰКП бірлескен жобасы аясында мобильді жұмыспен қамту орталықтары ашылып жатыр», - деді А. Баймолдин.

Соңғы жаңалықтар