Астанада 580 «отбасылық тиран» жауапқа тартылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл астанада тұрмыстық жанжалға қатысты 3 274 әкімшілік хаттама толтырылып, 580 «отбасылық тиран» әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласы ПД бастығы, генерал-майор Марат Төлебаевтың тұрғындармен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ПД басшысы мәлім еткендей, халық санының өсуі, көші-қон процестерінің, оның ішінде ішкі көші-қонның жоғары деңгейі, сондай-ақ тұрмыстық және мүліктік қылмыстар, интернет-сауданың кең таралуына байланысты қылмыстарды тіркеу 4,7%-ға ұлғайған. Сондай-ақ, 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі 131-ден 125-ке дейін төмендеді. Кісі өлтіру, өлімге әкеп соқтыратын денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, тонау, бұзақылық және есірткі қылмысының ашылуы жақсарды. 243 іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, 192 із-түзсіз жоғалған азаматтың тағдыры анықталды. Жалпы, соңғы 5 жылда қылмыстар саны 2 есеге азайған.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тиімді алдын алудың маңызы зор. Осы жылы отбасылық-тұрмыстық негізде 69 қылмыс жасалды. Жанжалқойларға қатысты 3 274 әкімшілік хаттама толтырылды, сот шешімі бойынша 507 адам қамауға алынды, 7 663 қорғау ұйғарымы шығарылды, полицияның өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 387 ерекше талап қойды. Белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 580 «отбасылық тиран» әкімшілік жауапкершілікке тартылды, -

деп атап өтті Марат Төлебаев.

Жыл басынан бері 190 есірткі қылмысы анықталып, 250 кг әртүрлі есірткі түрлері тәркіленді. 4 нарколабораторияның қызметі тоқтатылды, 75 наркосайт бұғатталды. Қабылданған шаралармен 530 интернет-алаяқтықты ашуға мүмкіндік туды, 260-тан астам жалған хабарландырулар мен 540 заңсыз интернет-ресурс бұғатталды.

Кездесу барысында қылмыстарды ашуға белсенді атсалысқаны, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алудағы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл жасағаны үшін елорданың бірқатар тұрғыны департаменттің алғыс хаттарымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар