Астанада 5-9 тамыз күндері Қостанай облысының күндері өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 5 - 9 тамызы аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Қостанай облысының күндері өтеді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәдениет күндері аясында өңірдің үздік қайраткерлері өнер көрсетеді. Сондай-ақ, суретшілер, мүсіншілер, қолөнер шеберлерінің еңбектері жұрт назарына ұсынылып, спорттық жарыстар және өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

5 тамыз күні ЭКСПО амфитеатрында кешке сағат 21.30-да Қостанай облысы Мәдени күндерінің ашылу салтанаты және өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өткізіледі.

Ал,  6  тамызда «Қазанат» атшабарында «Шырқар әнім туған өлкем - Қостанай!» концертінде Қостанай облысындағы халық әндерін үздік орындаушылар, сондай-ақ, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалауға болады.  

Сол күні елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында қостанайлық облыстық қазақ драма театры Ыбырай Алтынсаринге арналған «Дала шамшырағы» спектаклін қояды.

7 тамызда М.Горький атындағы орыс театрында қостанайлық әртістер Ахмет Байтұрсынов пен оның жұбайы Бәдрисафаға арналған «Любовь и смерть Ақ келін» спектаклін елордалықтарға ұсынады.

Сонымен қатар, 7 тамыз күніда кешке Астананың орталық алаңында - «Славянская песня» орыс халық аспаптар оркестрі мен ансамблінің «Музыка-душа народа» вокальдық-поэтикалық бағдарламасы қойылады.

Келесі күні сол жерде «Костанайские зори» би ансамблінің «Сиқырлы би әлемі» хореографиялық шолуы өткізіледі.

9 тамызда орталық алаңында Қостанай облысы мәдени күндерінің жабылу салтанаты, концерттік Big-band пен «Нью-бойс» тобының «Достармен бірге заманауи әуен аясында» джаздық шолуы болады.

Сонымен қатар, 31 шілдеден 9 тамызға дейін этноауылда («Қазанат» атшабары) облыстың 20 қолөнер шеберінің «Туған жер құшағында» экспозициялық көрмесі өтеді.

5-6 тамызда «Қазанат» атшабарында көріністер көрсетіліп, спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өтеді: қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, аламан бәйге, құнан бәйге.

Сонымен қатар сенбі және жексенбіде «Қазақстан» спорт кешенінде Қостанай облысының 14 ауданы мен қалалары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді. Онда шұжық, сүт, кондитерлік, ұн және макарон өнімдерінің түрлері және басқа да өнімдер тауар өндірушілердің бағасымен ұсынылады. 

Соңғы жаңалықтар