Астанада 44 емхана азаматтарды тіркеуге дайын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде емханаға тіркелу науқаны басталды. Жыл сайынғы дәстүрлі кампания екі айға созылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана филиалына сілтеме жасап.  

Тіркелу науқаны шеңберінде қазақстандықтар, ҚР аумағында тұрғылықты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады.

Астана қаласы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 денсаулық сақтау субъектісі тұрғындарды тіркеуге дайын. Оның ішінде 31 медициналық ұйым тіркелген халықпен бұрыннан жұмыс жасап келсе, 13 мекеме - қалалық қордың қызмет көрсетушілер тізіміне жаңадан еніп, науқанға қатысуға алғаш рет ниет білдірген жеке меншік емханалар екенін айта кеткен жөн.

«Астанада екі жыл бұрынғы тіркеу науқанының қорытындысы бойынша 1 034 млн адам емханаларға тіркелді. Қала тұрғындары санының динамикалық өсуіне байланысты биыл бұл көрсеткіш өзгереді деп күтілуде», - дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Астана қаласы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету бойынша 556 учаскеге бөлінген. Яғни, қазіргі таңда бір дәрігерге жүктелген жүктеме - 1859 адам. Келесі жылдан бастап дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханадағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленеді. Ол бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс.

Емханаға қалай тіркелуге болады? Ол үшін азаматтар таңдаған медицина ұйымына тікелей барып немесе электронды үкімет порталы арқылы онлайн режімде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлігіңізді алып, бас дәрігердің атына өтініш жазасыз. Онлайн режімде тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Ал ХҚКО арқылы тіркелгіңіз келсе, Connection Points бөлімінің қызметін қолдана аласыз.

Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, тіркелер алдында отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін ескере отырып, үйіңізге жақын емхананы таңдаған жөн. Бұл принцип науқасқа дәрігердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Азаматтарды емханаға тіркейтін мекемелер тізімі «ӘМСҚ» КЕАҚ-ның интернет-ресурсында көрсетілген.  

Соңғы жаңалықтар