Астанада 4 балабақшаның салынбауына инвестордың өмірден озуы себеп болуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында салынуы тиіс 4 балабақша құрылысының басталмауына польшалық инвестордың өмірден озуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Шоғанбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде тағы бір күрделі мәселе бар. Қалған 4 балабақша бойынша халықаралық, Польшадан инвестор бар. Біз қала басшылығының рұқсатымен Польшаға хабарласып, келісімшартқа қарауымыз керек. Неге? Себебі 2 жыл өтті, ол жақтан еш хабар жоқ. Бірде-бір кірпіші қаланбаған. Халықаралық инвестор 240 орындық 4 нысан салу керек болатын. 2017 жылдан бері үш жыл уақыт өтті. Келісімшарт бойынша 2019 жылы құрылысы бітіп, пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бізде инвестор қайтыс болды деген мәлімет бар. Ол шетелдік болғаннан кейін еш хабарын ала алмай отырмыз», - деді ол елорда мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында.

Осы ретте Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов бұл проблеманы шешудің бірнеше жолын атады.

«Бізде, әкімдікте халықаралық бөлім бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бар. Олардың күші жетпей жатса, Сыртқы істер министрлігін тарту керек. Солар арқылы тағы бір сұраныс жіберейік. Польшада Елшілігіміз де жұмыс істейді. Өмір, түсінеміз. Егер инвестор қайтыс болса, жобаны іске асыратын ізбасарлары қалмаса бұл жобаларды басқа инвесторларға берейік. Қолымызда тұр ғой»,- деді ол.

Айта кетейік, 2020 жылы елордада жоспарланған 6 балабақшаның біреуі ғана салынды.


Соңғы жаңалықтар