Астанада 37 елдің саяси сарапшылары жастар мәселесін талқылайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жастардың денсаулығына және сапалы білім алуына арналған халықаралық конференция өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19-20 қазан күндері елордада «Жастарды инвестициялау. Ешкімді тыс қалдырмайық» тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ отандық және әлемнің 37 елінен саяси сарапшылар қатысатыны күтілуде.

Конференцияда жастарға өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бөгет болып отырған кедергілерді анықтауға, денсаулық сақтау, сапалы білім алу салаларындағы қолжетімділікті қамтамасыз етуге баса мән беріледі.

«Конференцияда жастардың қазіргі таңдағы өзекті мәселелері қаралады. Жиын жұмысына шетелдік сарапшылардан бөлек, Орталық Азия елдерінің үкімет басшыларының орынбасарлары мен сол елдердің депутаттары шақырылды. Келетін елдердің тәжірибелері мен жастар саясатын дамыту жобалары да қаралады. Бұдан бөлек, жастардың білім алу мен жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту, ақпарат, білім алу, денсаулық сақтау салаларының қолжетімді болуы, азаматтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге жастардың толық қатысуы, сол сияқты жаһандану жағдайында жастардың мүмкіндіктері сөз етіледі», - деді ҚР Қоғамдық даму министрлігі отбасы және жастар жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, конференция сессияларында Жапония, Қырғызстан, Филиппин, Тайланд, Шри-Ланка, Индонезия және тағы басқа мемлекеттерден келген сарапшылардың пікірі тыңдалып, шара нәтижесінде жастар декларациясы қабылданатыны жоспарланған.

Конференция ұйымдастырушылары - ҚР Қоғамдық даму министрлігі, ҚР Парламентінің Мәжілісі және БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қоры. 

Айта кетейік, Елбасы  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар