Астанада 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші 80% күйікпен жансақтау бөлімінде жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада көпқабатты үйдегі өрттен 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші ауруханада хал үстінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
«Кеше Астанада Б.Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде алапат өрт болды. Өрт сөндірушілер өз өмірін қатерге тігіп, бес адамды аман алып шығарды. Олардың бірі – Асқар Забикулин зардап шеккендерге көмектескенімен, денесін қатты күйік шалып, қазір өте ауыр жағдайда жатыр», - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке ену үшін қоршауды алып тастауына тура келді, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін оттан шығарған.

Сонымен бірге, өрт сөндіруші қою түтіннен шыға алмай, балконға жасырынып қалған 10 жасар баланы құтқарып үлгерген.

«Асқар Забикулин асқан жанкештілікпен алапат өрттен бірнеше адамды құтқарып қалды, алайда өзі ауыр жарақат алып, өте қиын жағдайда жатыр. Өрт сөндірушіге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйік шогы деген диагноз қойылды. Зақымдану дәрежесі – 80%. Қазір ол өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», - дейді әкімдік.

Айта кетейік, кеше елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түскен еді.

Фото: gov.kz
Соңғы жаңалықтар