Астанада 26 таксист рұқсатсыз жолаушы тасымалдап жүрген

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасын өткізу барысында 26 заңсыз такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір күнде полицейлер тиісті құжатсыз «такси» қызметімен айналысқан Өзбекстан мен Тәжікстанның үш азаматын ұстады.

Жүргізушілер «Yandex» мобильді қосымшасын пайдаланып жолаушы тасымалдаған.

Шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер коммуналдық тұраққа қойылды.

Елордада «Қауіпсіз жол» айлығы өтіп жатыр. Аталған шара басталғаннан бері 3 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталды, оның ішінде 39-ын қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған.

Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 500-ден астам жүргізуші, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін 100-ден астам, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені үшін 168 және қарсы жолаққа шыққаны үшін 22 жүргізушіге айыппұл салынды.

Сондай-ақ, бейнебақылау камералары жол ережесін өрескел бұзу фактісін тіркеді.

Сағат 09.12 шамасында «Toyota Corolla» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Тұран даңғылымен екі жақты қозғалыстағы жолда келе жатып, қарсы қозғалысқа арналған жолға шығып, сол жолмен келе жатқан.

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданды.


Соңғы жаңалықтар