Астанада -23 градустан төмендегенде жылу нысандарының қауқары жетпеген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Астанадағы жылу нысандары температура -23 градустан төмендегенде халықты қажетті жылумен қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шыққан. Бұл туралы қалалық Жылу-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылыту маусымында қаланың жылу жүктемесі 3 191 Гкал болды. Ал жылу көздерінің қуаты 2 759 Гкал ғана болды. Осылайша сырттағы ауа температурасы -23 градустан төмендеген кезде 432 Гкал көлемінде жылу энергиясының тапшылығы туындады», - деді ол тұрақты салалық комиссияның кезекті отырысында.

Аталған тапшылықты азайту үшін жаңа қуат көздерін салынып жатқаны да айтылды.

«Бұл – бірінші кезекте қуаты 440 Гкал болатын №3 жылу-электр орталығының құрылысы. Сондай-ақ газбен жанатын екі бірдей жылу қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі – Қорғалжыңдағы қуаты 600 Гкал болатын қазандық. Екіншісі – Оңтүстік-шығыс ауданындағы қуаты 350 Гкал болатын қазандық.

Биыл Қорғалжыңдағы газбен жанатын қазандықтың 344 Гкал қуатын іске қосу жоспарланған», - деді Марсель Ұзақов.

Мәслихат депутаттары жаңа салынатын жылу нысандары қаладағы жылу тапшылығын қаншалық шеше алатынын сұрады.

«Қаланың бас жоспарында келешекте халық саны 2,4 млн адам болады деген есеп бар. Қолданыстағы қазандықтар мен жылу-электр орталықтарының, салынып жатқан нысандардың мүмкіндігін ескерсек, келешекте 2,4 млн адамды жылумен қамтамасыз етуге болады. Яғни, жылу көздерінің қуаты осынша халықты жылумен жабдықтауға жеткілікті болады», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар