Астанада 2023 жылы жаңа оқушылар сарайы ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестициялар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға және т.б. арналған залдар болады.

Сондай-ақ аталмыш көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы - 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты қалада жеке инвестициялар есебінен үстел теннисі орталығын («Алау» мұз сарайының жанында) ашамыз»,- деді әкім.

Сонымен қатар әкім қаланы аралау барысында жаңа Оқушылар сарайының (Есіл ауданы, Тұран даңғылы) құрылысымен танысты. Оқушылар сарайының құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр.

«Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, сол сияқты гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, робототехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін және т.б. ашу жоспарланып отыр. Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда Оқушылар сарайына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. «Жастар» сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады. Тағы екі елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде», - деп толықтырды А.Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар