Астанада 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі күні Астанада 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл дегеніміз - Жұмыспен қамту орталығына екі қолға бір күрек іздеп келген қаладағы барлық кембағал жандардың 50 пайызы.

Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығына мүмкіндігі шектеулі жандардан 456-дан астам өтініш түскен. Ең сұранысқа ие мамандықтар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, өнер және мәдениет, көтерме және бөлшек сауда, құрылыс және өнеркәсіп салаларына тиесілі. Көлік, ақпарат және байланыс, сондай-ақ мемлекеттік басқару салаларында сұраныс көп емес.

«Егер өзі қалаған мамандық бойынша жұмысқа тұруға қажетті біліктілік дәрежесі болмаса, біз онда біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырамыз. Курсты аяқтаған соң ол адам сертификат алады және сол сертификат арқылы жұмысқа тұра алады. Егер ол адамда диплом немесе бір де бір кәсіби сертификат болмаса, онда біз ол адамды «Атамекен» ҰКП қолдауымен жаңа кәсіп меңгеруге «Кәсіпкерлік негіздері» курсынан өткіземіз. Курсты аяқтаған соң ол өзінің жеке кәсібін ашып, адамдарға жұмыс ұсына алады», - дейді Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бөлімінің басшысы Роза Байсалбаева.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалуда. Мысалы, сал ауруына шалдыққан немесе гемодиализі бар адамдар жұмысқа келе алмайды. Сол себепті де оларға қашықтан жұмыс жасауға мүмкіндік беретін арнайы келісімшарт жасалады да, барлық салық, арнайы төлемдер заңға сай жүреді», - деді Роза Байсалбаева.

Айта кетейік, Жұмыспен қамту орталығына өтініш беру үшін төменде көрсетілген құжаттар керек: жеке куәлік, осында тіркелгендігі туралы анықтама, медициналық сараптама комиссиясы берген мүгедектік туралы анықтамасы, сондай-ақ осы адамға мүгедектік дәрежесіне байланысты ұсынылған жұмыс тізбесі. Жұмыстардың тізімі ұсынылған медициналық қорытындыға сәйкес жасалады.   

Соңғы жаңалықтар