Астанада 13 мыңнан астам көшет отырғызылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада экологиялық айлық кезінде 13 мыңнан астам көшет отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада 10 қыркүйек-10 қазан аралығында санитарлық тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша экологиялық айлық өтті. Сондай-ақ 22 қыркүйекте қала тұрғындары жалпықалалық сенбілікке шықты.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, олардың барысында 4 мыңға жуық тонна қоқыс жиналды, 13 мыңнан астам көшет отырғызылып, 8880 тал-шілік отырғызылды.

Жалпықалалық сенбілікке 118 мыңнан астам адам, сонымен қатар 4 180 кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер қатысты. Мамандандырылған техниканың 506 бірліктен астамы жұмылдырылды. Айта кетейік, қала белсенділері сенбілік алдында «Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық әлеуметтік-экологиялық  акциясына үн қосып, оның барысында 3,3 тонна қайталама шикізатты жинап, өңдеуге тапсырды.

«Орта және шағын бизнес қызметкерлері өз аумақтарын жинастырды. Коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар кварталішілік аумақты абаттандырды, жол төсемі мен жаяу жүргінші өтпежолдарының бүлінген (шұңқырлы) жерлерін жөндеп, рұқсаты жоқ қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жүргізді», - деді Астана қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев.

Соңғы жаңалықтар