Астанада 13 қыркүйек күні халықаралық дәрежеде ақындар айтысы өтеді
Халықаралық дәрежедегі айтысты ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының қолдау көрсетуімен халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы ұйымдастырады.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрбол Алмановтың хабарлауынша, ақындар айтысы екі кезең бойынша өтеді. Алғашқы іріктеу кезеңінде құрамы 7 мүшеден тұратын қазылар алқасы ақындардың айтыстағы сөз саптауына, ойының ұшқырлығына, ұтымды сөз таба алатынына қарай отырып, 8 айтыскерді анықтайды. Екінші кезеңде осы 8 ақын бас жүлдені сарапқа салады.
Сөз додасына Астана мен Алматы қаласынан, Алматы, Жамбыл, БҚО, ШҚО және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ, ҚХР, Ресей федерациясынан келген ақындар қатысады.
Ақындардың жасына шектеу қойылмайды. Әрбір жұпқа 15-20 минутқа дейін уақыт бөлінеді. Бас жүлдеге шетел автокөлігі тігіліп отыр. Жүлделі орындармен бірге төрт ақынға ынталандыру сыйлығы беріліп, бір ақынға «Академик Жасан Зекейұлы атындағы арнайы жүлде» тапсырылады.