Астанада 13-қабаттан құлауға шақ қалған 6 жасар бала құтқарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 13-қабаттан құлауға шақ қалған 6 жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін сағат 13.57-де 112 пультіне Құдайбердіұлы көшесі, 25/1 үйдің терезесінде кішкентай баланың қауіпті жағдайда тұрғаны туралы хабар келіп түсті. Құтқару қызметіне жолай өтіп бара жатқан адамдар хабарласқан.

«Шақырту орнына тез арада Өрт сөндіру қызметі мен жедел-құтқару жасағы келді. Келген бойда олар «Степной-1» тұрғын үй кешенінің 13-қабатында жабық пәтердің терезесінде бала тұрғанын анықтады. Құтқарушылар есікті ашып, үлкендер қараусыз қалдырған 2013 жылы туған баланы құтқарды. Бала полиция департаментінің қызметкерлеріне берілді» делінген хабарламада.

Бұл іске Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД жеке құрамынан 6 адам мен 2 техника және қаланың шұғыл қызметтері жұмылдырылды.

Қалалық ТЖД ата-аналардың барынша абай болуын өтінеді.

«Жас балаларды ешқандай жағдайда қараусыз қалдырмау керек. Тек осылай ғана біз ең кішкентай, қорғансыз және аса қымбат адамдардың өмірін сақтап қала аламыз» дейді ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар