Астанада 13 әлеуметтік нысан көгілдір отын желісіне қосылды - әкім

2022 жылғы 5 қазан, 03:30
Астанада 13 әлеуметтік нысан көгілдір отын желісіне қосылды - әкім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасына қаладағы әлеуметтік нысандар газға қосылып жатқанын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың елді мекендерінде автономды жылу көздері арқылы жылытылған әлеуметтік нысандар бар. Олар автономды жылу көздері арқылы, яғни, көмір немесе бірнеше есе қымбат дизель отыны арқылы жылытылды.

20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13 нысаны газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында елді мекендердегі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді жылытқан 3 аудандық жылу қазандығы да бар. Бұл объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады», - делінген қалабасының парақшасында.

Мысалы, бұрын №40 мектеп дизельдік отынмен жылытуға жылына 160 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаса, газбен бұл сома шамамен 4 есеге азайған. Ал, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үнемдеуі жылына 60 миллион теңгеден асады.

Алтай Көлгінов үйлерін газға ауыстырған Көктал-1 ауданының тұрғындарымен кездескенін де атап өткен. Тұрғындар көмір сатып алудың, күлді тазалаудың, күні бойы үйде отынды қадағалаудың қажеті жоқ екендігін, сондай-ақ, газдандыру экологиялық таза және қауіпсіз екенін жеткізген.

«Күн сайын газға қосылған үйлердің саны артуда. Бүгінгі күні газға 6 мыңнан астам үй қосылды. Сарыарқа және Алматы аудандары газбен толық қамтамасыз етілді. Ол үшін 680 км астам газ тарату желілері салынып, орамішілік желілер жөнделді.

Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудан қазандықтарына «Тұран», «Тельман» және «Ильинка» (Үркер), «Өндіріс», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Garden Village» шағын аудандарына газ тарту желілерінің құрылысы басталды. «Шұбар» шағын ауданында жобалау жұмыстары жүргізілуде», - деген әкім.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, тұрғын үйлерді газға қосуды жеңілдету үшін бұған дейін бірқатар шаралар қабылданды: үйлерді газға қосу үшін құжаттар тізімін екі есе қысқарды; халықтың мұқтаж санаттарына бөлетін сома екі есе ұлғайды (430 мыңға дейін); газды есептеу аспаптары (есептегіштер) тегін беріледі; үйді газдандыру үшін бөліп төлеу және банктер арқылы пайызсыз несие беру жобалары бар.

Елорданы газдандыру Мемлекет басшысының бақылауында. Газдандыру қаланың экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar