Астанада 120 сарбаз әскери ант қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы «Отан қорғаушылар» алаңында Ақмола өңірлік гарнизонының №68665 әскери бөліміне көктемгі шақырылыммен келген 120 сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Оған Қарулы күштердің ардагерлері, гарнизонның әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туған-туыстары қатысты.

№68665 әскери бөлімнің Астанадағы бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Талғат Құлмановтың айтуынша, борышын өтеуге келген жастардың бәрі жас жауынгер курсынан абыроймен өтіп, бір ай ішінде әскери істің негіздерін игеріп үлгерген.


Бүгін ант берген сарбаздар десанттық құрам қатарында дене дайындығын нығайтып қана қоймай, жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсуге мүмкіндік алады.

«Бүгін алдарыңызда 120 сарбаз ант қабылдады. Бұлар ант қабылдап болғаннан кейін бір бөлігі шабуылдаушы батальонға, бір бөлігі минаметтік батарея және әуеге қарсы қорғаныс батальонына бөлінеді.

Әскери борыштарын бір жылдың ішінде өтейді. Сарбаздар Жамбыл, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстарынан және Алматы қаласынан шақырылған», - деді подполковник.

Жалпы бүгін Қазақста Қарулы Күштерінің «Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарында қызмет өткеріп жатқан Құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің үш мыңнан астам азаматы әскери ант беру рәсімін өткерді.

Соның бірі – Алматы облысынан Астанада борышын өтеуге шақырылған қатардағы жауынгер Дінмұхамед Нұрболат.

«Бір айда армияның күнделікті өміріне үйрендім. Ал әскери ант қабылдаған күн әрқашан есімде қалары сөзсіз», - дейді сарбаз.


Сарбаздың әкесі Нұрболат Нұғыманов Дінмұхамедтің бір үйде төрт қыздың арасындағы жалғыз ұл екенін айтады.

«Бір жыл деген не?! Біз кезінде екі жыл қызмет еткенбіз. Оның үстіне бұл әр азаматтың борышы. Университет бітіргеннен кейін әскерге барам деп шешіпті. Қарсы болмадық. Қазір әскер қатарында жүріп түрлі оқыс оқиғаға тап болған сарбаздар туралы ақпарат көп шығады. Оны ойласақ, қобалжитынымыз рас. Біздің баламыз төрт қыздың ішіндегі бір ұл. Бірақ әрқайсымыз қобалжи берсек, балаларымызды үйге тыға берсек, отанды кім қорғайды? Сондықтан ата-аналарға айтатыным, дұрыс түсіну керек. Қазіргі армия баяғыдағыдай емес. Осында арнайы келіп, бәрін көрдім. Баламызға бүкіл жағдай жасалғанына көзімізді жеткіздік. Сондықтан, ешбір уайымдамай, балаларына дұрыс психологиялық бағыт-бағдар беріп, балаларын әскерге жіберуге шақырамын», - деді ол.

Ант қабылдау салтанатынан кейін жауынгерлердің ата-аналары әскери қызметтің барысымен, сарбаздардың тұрмыс жағдайымен танысуға мүмкіндік алды.


Соңғы жаңалықтар