Астанада 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде Астанада 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мөлдір Шолатова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зейнет жасындағы жандардың өмірін жақсарту мақсатында мемлекет және қала әкімдігі тарапынан тұрақты негізде шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде елордада 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Аудандар бойынша статистикаға сүйенсек, Алматы ауданында – 28 мыңнан астам, Байқоңырда – 22 мың, Сарыарқада – 28 мың, Есіл ауданында 22 мыңға жуық қарт бар», - деді Мөлдір Шолатова елорда әкімдігі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ қала әкімдігі өкілі елордада егде жастағы тұрғындарға арналған орталық жұмыс істеп тұрғанын айтты.

«Қарт адамдарға қолдау көрсету мақсатында қала әкімдігінің бастамасымен «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол жерде егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Орталықта қарт кісілерге арналған мәдени-спорттық және басқа да шаралар қарастырылған. Бүгінгі күні аталған орталықта 4 мыңға жуық кісі тіркелді. Күн сайын орталыққа 450 қарт келеді. Сол сияқты орталықта 27 бағыт бойынша түрлі секция жұмыс істейді. Қажетті құрал-жабдық және компьютерлік сыныппен қамтылған. Одан бөлек, өнерге қызығушылар үшін шығармашылық үйірмелер бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, қазақ және ағылшын тілін үйрену курстары жұмыс істейді.




Фото: flashsiberia.com




Соңғы жаңалықтар