Астанада 10-14 тамыз аралығында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада 10-14 тамыз аралығында Қызылорда облысының мәдени күндері өтеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Шара аясында тарихи-өлкетану және қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, спектакльдер мен концерттер, сондай-ақ Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, халықаралық ғарыш станциясындағы 52-ші экспедиция экипажы көрмеге келушілермен байланысқа шығып, Астана тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.

Мәдени-бұқаралық іс-шараларға облыстан 270-ке жуық көркемөнерпаздар ұйымының өкілдері қатысады.

«Қызылорда облысының мәдени күндерінің ашылуы 10 тамыз күні «Қазанат» ипподромындағы этноауылда өтеді. Онда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және өңірдің тарихы мен мәдениетінің көрмесі өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылып, бағдарлама «ЭКСПО-2017» көрмесінің алаңында «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады және осы жерде «МИР» халықаралық ғарыш станциясының 52-экспедициясының ғарышкерлерімен телекөпір ұйымдастырылады»,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Сонымен, 10 тамыз күні Мәдениет күндерін аймақ тарихы мен мәдениетіне арналған «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және қолданбалы өнер көрмесі ашады. (Өтетін жері: «Қазанат» ипподромы).

Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сыр елінің бай мәдени мұрасы мен асыл қазынасынан сыр шертетін экспонаттары ұсынылады. Мұнымен қоса, 25 сәндік-қолданбалы өнер шеберлері «Шығыс базары» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ мұнда зергерлік бұйымдар мен киіз өнімдерін жасау, сүйек өңдеу мен тоқыма тоқудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Көрме 20 тамызға дейін жалғасады.

Осы күні, 10 тамызда М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі қойылады. Айта кетейік, спекталь көрсетіліміне қойылым авторының өзі де қатысады.

11 тамызда Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына екі бірдей театрландырылған қойылым ұсынылады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облыстық филармониясы жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театры студиясының кішкентай әртістері Г. Остердің «Мазасыз тиін» қойылымын ұсынады. Ал, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрда Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары М.Ахунзаденің «Кетпейсің. Болды кетпейсің» атты комедиялық қойылымын сахналайды.

12-13 тамыз күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесінде («Қазақстан» СК жанында) қала тұрғындары мен қонақтарына Сыр өңірінің өнімдері ұсынылады. Жәрмеңкеде қызылордалық 30 шаруашылық өз өнімдерін саудаға шығарады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40-тан астам түрлері нарық бағасынан төмен бағада сатылады. Олардың қатарында күріш, жылқы еті, сүт өнімдері, қымыз, шұбат, балық, көкөніс, бақша өнімдері және т.б. бар.

12-13 тамыз күндері «Сыр самалы» ансамблінің, эстрадалық дуэт, трио, квартет орындаушыларының, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың (жыршы, термеші) және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерттері ұйымдастырылады. (Өтетін жері: Астана қаласының орталық саябағы)

Осы күні «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар: ат үстіндегі өнер, қыз қуу, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақтан, асық атудан және қазақ күресінен сайыстар ұйымдастырылып, қазақы тұқымды тазылардың көрмесі өтеді.
Қызылорда облысының Мәдениеті күндерінің бағдарламасы 14 тамыз күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы амфитеатрда өтетін «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады. Концертте би ансамбльдері, жыршы, термешілер, қазақ эстрадасының жұлдыздары - Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов және т.б өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, гала-концерт аясында халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.
null

Соңғы жаңалықтар