Астанада 1 мыңнан астам ана сәбиіне туберкулезге қарсы вакцина салғызғысы келмейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жаңа туған нәрестелердің 90,8%-ы туберкулез инфекциясына қарсы вакцина алған. Бұл туралы Астана қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 90,8%-ы туберкулез инфекциясына қарсы вакцина алды. 5,8%-на медициналық себептермен екпе егілмеді. Одан бөлек, 1048 сәбидің немесе 3,1%-на анасының қарсы болуы себептен туберкулез вакцинасы салынбады», – деді Жанна Пралиева Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның мәліметінше, 6-7 жастағы балалардың 96,1%-ы туберкулез инфекциясына қарсы ревакцинацияланды.

«Медициналық себептерге байланысты 3,2% бала екпе алмады және 73 баланың ата-анасы туберкулезге қарсы вакцина салуға рұқсат бермеді. Вакцина алмаған балалардың инфекция жұқтыру қаупі бірнеше есе жоғары. Сондықтар ата-аналарды туберкулезге қарсы екпеден бас тартпай, уақытылы алуға шақырамыз», - дейді департамент басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, брифинг барысында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасы және ведомствоаралық ұйымдардың бірлескен 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Біз туберкулезді жеңе аламыз» деген атаумен айлық өтті.

Бұған дейін туберкулез жұқтырған астаналықтардың 53,9%-ы еңбекке қабілетті жаста екені туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар