Астанада 1-ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері оқымайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада аязға байланысты бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледждердің 1,2 курс студенттері оқымайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана қаласының Білім басқармасы хабарлайды, 2018 жылғы 22 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты аяз) қала мектептерінің бірінші ауысымындағы 1-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1,2 курс студенттері үшін сабақ болмайды», - деп жазды қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 

Айта кетейік, дүйсенбі күні сондай-ақ сарышұнақ аяздарға байланысты Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1-11 сынып оқушыларына сабақтар тоқтатылды. 

19 қаңтар күні синоптиктер Қазақстан аумағымен арктикалық антициклондардың өтуіне байланысты бірқатар өңірде қатты аяз күтілетіндігін ескерткен болатын.

«22-26 қаңтар аралығында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында түнде -35-40 градустық қатты аяз күтілуде. 24-26 қаңтар күндері кей жерлерде -45 градус, күндіз -27-32, жекелеген аумақтарда -35 градус қатты аяздар болжанады», - делінген таратылған хабарламада.

Қазгидрометтің ақпараты бойынша, 22-26 қаңтар аралығында Қостанай облысында түнде -33-38, күндіз -20-25 градус қатты аяз болуы ықтимал.

Астанада 23-26 қаңтар күндері түнде -35-40, күндіз -27-32 градус аяз болады. 

Соңғы жаңалықтар