Астана Василий Левитті қалай қарсы алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана Рио Олимпиадасынан олжалы оралған олимпиадашыларымызды қарсы алды.

Астана халықаралық әуежайына жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары спортшыларымызды ыстық ықылас пен қошеметке бөледі. Оңтүстік Америкада өткен Олимпиада Ойындарынан алтын медаль алған Данияр Елеусінов, күміс алған Василий Левит, Гүзел Манюрова, қола медаль иеленген Иван Дычко сынды саңлақтарымызды күтіп алу үшін әуежайға тола жиналған жұрт еліміздің көк байрағын желбіретіп, «Қазақстан! Чемпион!», "Василий, Чемпион!" деген ұранмен әуежай алдын үлкен мерекеге айналдырды.

Әсіресе xалық боксшы Василий Левитке көп қолдау көрсетті.

Айта кетейік, 2016 жылдың 16 тамызында Рио-де-Жанейроның Rioсentro кешенінде бокстан 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жек үлкен даумен аяқталды. Кездесу нәтижесі бойынша, Ирландия, Колумбия және Алжир төрешілері жеңісті Евгений Тищенкоға берді. Дегенмен барша әлем қауымдастығы және өзге де беделді сарапшылар мен әлемдік БАҚ бұл кездесудің нәтижесі әділ болған жоқ деп есептейді.

Содан кейін, AIBA Олимпиадада қателік жасаған төрешілерді жарыстан шеттеткенін хабарлаған болатын. Бірақ олардың қателігінен кеткен бокс жекпе-жектерінің қорытындысы өзгеріссіз қалатынын мәлімдеген-ді.

Қазақстандық бокс федерациясы бұдан кейін: "АІВА ережелері бойынша, төрешілер шешіміне қарсы шағым беруге болмайды және ҚБФ  Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі ретінде бұл ережелерді сақтауға міндетті", деп мәлім етті.

Қазақстандықтар боксшының күміс медалін олимпиадалық «алтынмен» бағалауды және олимпиада чемпиондары деңгейінде сыйақы төлеуді ұсынды.  Федерация осы бастаманы қаперге алғаны белгілі болды.

«Василий Левит олимпиадалық рингтегі финалдық жекпе-жегінде көрнекті нәтиже көрсетті, жеңіске деген жігер танытты  және ол олимпиадалық күміс медальға ие болса да, оған мемлекет 150 мың доллар сыйақы төлейді, Қазақстандық бокс федерациясының бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың шешімімен бұл сомаға тағы жүз мың доллар қоса төленеді, сөйтіп, Левиттің сыйақысы «алтынға» теңеледі», деп хабарлады ҚБФ.

Соңғы жаңалықтар