Астана үлескерлерінің басы тағы дауға қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел астанасынан баспаналы боламын деп, жинаған қаражатын жаңадан құрылысы басталған көп пәтерлі тұрғын үйге құйған үлескерлер тарапынан тағы шу шықты. Бірақ, бұл жолғы даудың жөні бөлек. Әдетте, үлескерлер бүкіл қаржысын құрылысқа құйып, кейіннен кілтін ала алмай жүрсе, бұл жолы осыдан екі жыл бұрын кіріп алған пәтерлерінің шаршы метрі дұрыс есептелмеуіне байланысты «Әсем тас-2» мен «Кең дала» кешендерінің тұрғындары құрылыс компанияларымен ортақ мәмілеге келе алмай жүр.

Даудың басы құрылыс компаниясы жобалаушыларының тұрғын үйдегі әр пәтердің шаршы метрін есептеуде жіберген қателігінен басталған. Пәтер иелері құрылыс басталған кезде жобаланған ауданның толық ақшасын төлеген. Алайда баспаналары дайын болғаннан кейін, пәтерлерінің көлемі бірнеше шаршы метрге артық шыққан. Енді компания тұрғындардан артық берілген шаршы метрдің ақшасын талап етіп отыр.

«Үлескерлер пәтердің толық құнын төлегенімен, соңғы 1-2 жыл бойы өздерінің құқықтарын бекітетін құжаттарын ала алмай жүр. Пәтердің құны толығымен өтелгеніне, ешқандай қарыздың жоқтығына қарамастан, құрылыс компаниясының «тұрғындарды пәтерлерінен шығарып жібереміз» деп қоқан-лоқы жасауы жағдайды ушықтырып тұр. Үлескерлердің бір ғана міндеттемесі – ол төлем жасау. Ал қалғаны - құрылысшылардың мойнында. Үйді салушы тарапынан сапаға, ауданы мен пайдалануға беру мерзіміне қатысты міндеттемелерінің бұзылғандығы байқалады. Құрылысшы «Orda Invest» компаниясының тобына кіреді. Ол тұрғын-жай ауданын болжамды ауданнан кей жерде 2, ал енді бір пәтерде 3 шаршы метрге артығымен салған. Осыған байланысты, олар қосымша ақша төлеуді талап етіп отыр. Келісімшартта қосымша ақша төлеу көзделмеген. Бұл - құрылысшының кінәсі ғой. Әрине, үлескерлер мұны жан-жақты түсіндіруді, қандай жағдайда қосымша ақша төлеулері қажеттігіне қатысты міндеттемелерін көрсетіп беруді сұрайды. Тұрғындардың мұндай өтінішіне құрылыс компаниясы «оларды үйден қуып шығатындықтарын» алға тартады. Құрылыс компаниясының мұндай талабы қандай да бір құжатсыз ауызша айтылып отыр», - деді «Әсем тас» үлескерлерінің өкілі Дәурен Ғабдул.

Оның атап өтуінше, қаладағы құрылыс компанияларының барлығы бірдей үлескерлік құрылыс туралы заңнаманы сақтай бермейді. Олар үлескерлермен брондау, инвестиция салу, бірге жұмыс істеу туралы кез келген келісімшартты жасауға дайын. Алайда, үлескерлік құрылыс туралы келісімшарт жасасуға келгенде жауапкершілік арқалаудан жалтарып кетеді.

«Бірақ, бұл – үлескерлік құрылыс және бізде осыған қатысты заң да бар. Жалпы, құрылысшылардың барлығы дерлік екі тараптың да құқығы қорғалған «Үлескерлік құрылыс туралы» Заңды елемей отыр. Дәл осы күрделі мәселеге қатысты бізде екі проблемалы құрылысшы бар. Олар - «Orda Invest» және «Сайран бірлестігі» компаниялары. Екеуіне де бір заңгерлік компания қызмет көрсетеді. Олар екі тұрғын үйдің тұрғындарына да салған қаражаттарын қайтарып беруге уәде етіп отыр. Бірақ, төлем осыдан 2-3 жыл бұрын жасалды. Инфляцияны және басқа да жайттарды ескерсек, қайтарып беретін қаражаттары мардымсыз болып шығады. Оның үстіне, тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізді», - дейді үлескерлер өкілі.

Ал, «Сайран бірлестігі» компаниясы үлескерлерге пәтерлерінен қуып шығатындарын айтып, қоқан-лоқы жасамағандықтарын алға тартады.

«Үлескерлік құрылыс туралы келісімшарт болған жоқ. Өйткені, сол уақытта заңға сәйкес біз басқаша да сата алар едік. Бізде инвестициялық келісімшарт болды. Үлескерлердің пәтерден шығару туралы қоқан-лоқы жасауға қатысты шағымдарына келсек, мұны бірінші рет естіп тұрмыз. Оларға келісімшартқа сай қосымша төлем жасау ұсынылып отыр. Егер қандай да бір келіспеушілік болса, онда мұның бәрін сотта шешуге болады», - деп мәлімдейді компания.

«Баспана альянс» үлескерлер қоғамдық бірлестігінің өкілі Бауыржан Пірманов мұндай дауға мемлекеттік органдар тікелей кінәлі екендігіне сенімді.

«2016 жылдан бері қолданыстағы үлескерлік құрылыс туралы заң бар. Дәл осы заңға сәйкес, барлық құрылысшылар үлескерлік құрылыс туралы келісімшарт жасасуы қажет. Бірақ, олар бұл заңнан түрлі жолдар арқылы жалтарып кетеді. Мұндай қитұрқы жолдардың бірі – тұрғын үй құрылыс кооперативін құру, инвестициялау туралы кешісімшарт және басқалары. Бұл орайда жергілікті атқарушы орган да өте үлкен рөл атқарады. Ол - құрылыс барысын бақылайтын орган. Бұрынырақта бұл ұйым - мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі деп аталатын. Қазіргі атауы – қалалық орта сапасын бақылау басқармасы. Солар құрылыс барысын, тіпті қандай құрылыс материалдарын пайдаланатындығын бақылап отыруы тиіс. Бұл -олардың тікелей негізгі міндеті. Өздеріңіз де көріп отырғандай, кемшіліктер бар әрі олар жойылмай отыр. Дәл осы басқарма құрылысқа рұқсат береді. Құрылыспен байланыстының барлығы тікелей осы басқармаға қатысты», - деді Бауыржан Пірманов.

Дәл осы сынға жауап берген елорданың қалалық орта сапасын бақылау басқармасы құрылыс компаниялары белгіленген санкцияларға қарамастан, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң талаптарын бұзатындығын жасырмады. Сонымен қатар, ведомство мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын алға тартты.

«Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласына мемлекеттік бақылауды тұрақты түрде жүзеге асырады. Мәселен, 2018 жылдан осы уақытқа дейін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Заңы талаптарын бұзуға қатысты келіп түскен шағымдардың негізінде 101 құрылыс ұйымы жауапқа тартылды. Олар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 320-бабы 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілік арқалады. Аталған заңбұзушылық үшін тек әкімшілік айыппұл (300 АЕК) көзделген», - деді басқармадан.

Үлескерлердің наразылығына ұшыраған «Orda Investе» те туындаған проблеманың мән-жайын түсіндіруге тырысты. Компания бүгінде «Әсем тас-2» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру туралы актінің бар екендігін және соған сай кешенге үлескерлік құрылыс туралы заңның қолданылмайтындығын алға тартады.

«Бұл мәселеге қатысты әкімдіктің және мемлекеттік органдардың тиісті түсіндіруі бар. Клиенттерге ресми хабарландыру арқылы мәміленің барлық шарттары құлақтандырылған. Көтеріліп отырған даулы мәселеге қатысты клиенттермен бірнеше рет кездесу өткізілді. Бірақ, ортақ ымыраға қол жеткізілмеді. Бүгінде бұл даулы мәселе Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес сотқа беріледі», - деп атап өтті компаниядан.

Жалпы, елордада осы уақытқа дейін 16 мың үлескердің 13 мыңының мәселесі шешілді. Олар қаражатын салған үйлердің құрылысы 15-16 жылға дейін созылып кеткен болатын. 2019-2020 жылдары 33 тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. Өткен жылы 57 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл тағы 40, 2023 жылы 20 көп пәтерлі тұрғын үйді салу көзделген. Осылайша, 2023 жылы елордадағы үлескерлер мәселесі толық шешіледі деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин үлескерлер қаржыландырған әрбір екінші пәтер жасырын схемалар бойынша сатылатынын айтқан болатын.



Соңғы жаңалықтар