Астана түркі халықтары руханиятының орталығы болуға әбден лайық - ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Д. Қасейінов

None
None
nbsp; ЫСТАМБҰЛ. Қыркүйектің 20-ы. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Дүйсен аға, өткен аптада Ыстамбұлда өткен Түркі тілдес мемлекет басшыларының Х саммитінде алынған басты қарарлардың бірі - Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) аясында 2012 жылы Астана қаласын түркі мәдениетінің бас қаласы деп жариялау болды.

Бұл - Қазақстанның ғана емес, ТҮРКСОЙ-дың да үлкен жеңісі ғой. Құттықтаймыз!
- Рахмет. Халықаралық ұйымдар тарапынан әр жылы белгілі бір ірі қаланы аймақтық мәдениеттің астанасы деп жариялау - халықаралық қатынастар үрдісінде қалыптасқан дәстүр. Мәселен, 2009 жылы Баку-Ислам мәдениетінің астанасы, 2010 жылы Ыстамбұл - Еуропа мәдениетінің астанасы деп жарияланған еді. Алайда, ТҮРКСОЙ ұйымының аясында мұндай жағдай тұңғыш рет болғалы тұр. Бұл - ТҮРКСОЙ ұсынысын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында жүзеге асқан, Елбасымыздың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсатты көздеген кезекті ұтымды қадамы деп білем. Себебі, Астана жас та болса ең ежелгі мәдениеттердің тарихи мекені есептелетін қазақ елінің бас қаласы ретінде түркілер руханиятының орталығы болуға әбден лайық қала.

- «Астана - түркі мәдениетінің бас қаласы» жобасы ТҮРКСОЙ аясында өтетіндіктен алдын-ала ойластырған жоспар, жобаларыңыз бар шығар...

- Әрине, жұмыстың ең үлкені - жылды ресми түрде жариялау еді. Ол Ыстамбұл декларациясының 17-бабымен бекітілді. Енді ҚР Мәдениет министрлігі және Астана қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып, өткізілетін мәдени басқосулардың кестесін дайындаймыз. Жыл бойы түркі халықтарының ортақ мәдениетіне қатысты ұйымдастырылатын жиындар бауырлас халықтардың мәдени интеграциясына үлкен үлес қосатынына кәміл сенемін. Астана жылының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына бар күш - жігерімізді салып, ТҮРКСОЙ ұйымының халықаралық аренадағы абыройы мен беделін аямайтынымыз анық.

- Ыстамбұл саммитінің ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына қатысты басқа қандай қарарлары болды? Жалпы, саммит нәтижелеріне көңіліңіз толды ма?

- Біздің ұйым үшін ең маңыздысы - Саммитте түркі халықтары мәдениетін дамыту бағытындағы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының соңғы жылдары жасаған жұмысына жоғары баға берілді. Мұны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, барлық Президенттер атап өтті. Елбасымыз 2011 жылы түркі республикаларының тәуелсіздіктерін жариялағанына 20 жыл толуы мерекелері аясында ұйымдастырылатын мәдени шараларды бірлесіп өткізу туралы ұсыныс жасады. Түркі тілдес мемлекет басшыларының саммитінде тұңғыш рет қатысқан Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхаммедов болса, келесі жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп Түрікменстанда түркітілдес мемлекеттердің өнер қайраткерлері мен шығармашылық өкілдерінің фестивалі мен халықаралық конференциясын ұйымдастыруды ұсынды. Біз екі Президенттің ұсынысын да қуана қарсы алдық. Түркі халықтары мәдени қатынастарын дамытуға бағытталған кез-келген іске әрдайым атсалысуға дайын екенімізді білдірдік.

- Саммитте түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы ретінде Сізге де сөз берілді. Айып болмаса, не айтқаныңыз туралы қысқаша баяндап бере аласыз ба?

- Түркі тілдес мемлекет басшыларының саммитіндеТҮРКСОЙбасшысы ретінде алғаш рет Полат Бюлбюлоғлы 2001 жылы сөз сөйлеген болса, араға 9 жыл салып президенттерді ұйым жұмысымен жақын таныстыруға мүмкіндік алдым. Ұзақ жылдар бойы ұйымға үздіксіз қолдау көрсеткендері үшін мемлекет басшыларына рақметімді айттым. ТҮРКСОЙ ұйымының соңғы екі жылда жасаған ірі халықаралық жобаларын таныстырдым. ТҮРКСОЙ соңғы уақытта ірілі-ұсақты кездесулер мен концерттерді, симпозиумдар мен фестивальдарды, көрмелер мен конференцияларды айтпағанның өзінде түркі мәдениеті тарихына қомақты үлес болып қосылған, «Көроғлы», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қыз Жібек» т.б. секілді бірнеше ірі жобаларды іске асырды. Қазір біз түркі мәдениетінің әлемдік мәдени үдерістердегі орнын айқындау мақсатында ұйымның алдына жаңа міндеттер қойып отырмыз. Ендігі жерде өз қазанымызда қайнай бермей түркі халықтарының бай мәдениетін дүниежүзілік деңгейде насихаттауға, Европаға, Америкаға, Азияға танытуға күш салуымыз керек. Осы мақсатта, биыл бірінші рет Наурыз мейрамы ресми түрде Париж қаласында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде және Страсбургта атап өтілді. Келесі жылы Наурыз мейрамын Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Нью-Йорк қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл Косовада, Молдовада, Украинада түркі халықтары суретшілерінің көрмелері ұйымдастырылды. Ендігі жоспар - дәл осындай көрмелерді Германияда, Италияда, Люксембургте өткізу. Биылғы жылдың шілде айында 8 түркі республикасының өнерпаз жастарынан ТҮРКСОЙ камералық оркестрі құрылып, Анкара және Ыстамбұл қалаларында өнер көрсетіп, бір ай бойы Германияда шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

- Ал, түркі республикаларының ішінде қай елде көбірек шара өткізесіздер?

- Әрине, штаб-пәтеріміз Түркияда орналасқандықтан көп жиындарымыз осы елде өтеді. Бірақ біз ТҮРКСОЙ-дың дәстүрлі мәдени басқосуларының географиялық ауқымын кеңейтуді, түркі халықтары тұратын территорияларды түгел қамтуды мақсат етіп отырмыз. Соңғы екі жылда Қазақстан, Әзірбайжан. Қырғыстанда бірнеше конференция, симпозиумдар және құрылтай ұйымдастырылса, Башқұртстан мен Татарстанда алғаш рет ТҮРКСОЙ фотосуретшілер лабораториясы өткізілді. Сондай-ақ, халықаралық ұйым осы республикаларда өткізілген ірі мәдени жобаларға да қолдау көрсетіп келеді. Бүкіл түркі республикаларындағы оннан астам маңызды конкурстарға ТҮРКСОЙ-дың арнайы сыйлықтары тағайындалған.

- Сонда негізгі жұмыстарыңыз осы фестиваль, симпозиум, конкурстар өткізумен шектеле ме? Әдебиет, тарихқа қатысты ұзақ мерзімді жобаларыңыз жоқ па?

- Шағын сұхбатта ұйымның барлық жұмысын қамту мүмкін емес қой. Бұл бағытта біз бірнеше түркі халықтарының белгілі ұлттық эпостарын, ақын-жазушылардың еңбектерін түрік тіліне аударып бастырдық. Абай, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Бахтияр Вахабзаде, Расул Рза, Фуат Мансұров және Осман Хамди сияқты түркі әлемінің ірі тұлғаларының мерейтойлары өткізілді. ТҮРКСОЙ тарихында тұңғыш рет 2010 жылды «Ахмет Зәки Уалиди Тоған жылы» деп жариялады. 2011 жылды Ғабдолла Тоқай жылы жариялау туралы да шешім қабылданды. Біз түркі халықтарының мәдениетіне, ғылымына, әдебиетіне айырықша үлес қосқан осындай ірі тұлғаларды ұлықтау арқылы түркі мәдениетінің тұтастығын насихаттауға күш салып отырмыз.

- Жақсы істердің жалғасы болатын шығар...

- Оған күмәніңіз болмасын. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамалары мен мәдени интеграциялық көлемді шаралары болашақта да жалғасын таба береді. Түркі республикаларының экономикалық, саяси әлеуеті артқан сайын мәдени ынтымақтастықтың жоғары деңгейге көтерілетініне, сол үрдістердің бір нысаны ретінде ТҮРКСОЙ жұмысының да қарымды қарқынмен дамитынына сенемін.

Соңғы жаңалықтар