Астана тұрғыны таксимен 5 келіге жуық марихуана әкеле жатқан

Фото: Фото: Stefan Puchner/Getty Images
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меркі – Шу – Бурылбайтал» трассасының 260-шақырымында аумақты патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері «Honda Accord» маркалы автокөлігін тоқтатты. Көліктің багажынан жолаушы болып келе жатқан Астана қаласының 38 жастағы тұрғынына тиесілі, жалпы салмағы 4 келі 700 грамм кептірілген марихуана салынған полиэтилен пакет табылды. Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, яғни есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі.

Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді«, - деп хабарлады Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында тасжол жиегінен қару-жарақ табылғанын жазған болатынбыз. Полицейлер 16 калибрлі «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы аңшы мылтығын, 6,62 калибрлі «Байкал» маркалы газ тапаншасын, 6 патрон тапқан.


Соңғы жаңалықтар