Астана тұрғындары көпқабатты үйдің терезесінен құлағалы тұрған сәбиді құтқарып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары жоғарғы қабатта орналасқан пәтердің терезесіне шығып кеткен жас баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиғаның бейнежазбасын Фейсбук қолданушылары желіге жүктеді. Онда «Газель» жүк көлігінің үстінде екі жігіт біреуін көтеріп тұрып, үшінші қабаттың ашық терезесі алдында тұрған сәбиді дін-аман жерге түсіреді. Автордың хабарлауынша, сәби ата-анасының қарауынсыз қалдырып кеткен.

«Бүгін сұмдық жағдайдың алдын алған оқиғаның куәсі болдым. Астана қаласындағы үйлердің бірінде терезеде ілініп отырған бүлдіршінді иманжүзді жігіттер аман алып қалды. Бізге белгілі болғаны, ата-анасы үйінде болмағаны (автордың стилі сақталды - ред.)», - деп жазды желі қолданушысы Лаура Хамытқожаева .

Айта кетейік, елордалық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы Астанада 16 бала терезеден құлап кеткен.

«Көпқабатты үйлердің терезесінен құлау балалар жарақатының негізгі себебіне айналуда. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар шыбын-шіркейден қорғайтын торларға байланысты орын алады.  Олар балаларды құлаудан қорғай алмайды! Москитті торға сүйенген бала, онымен бірге жерге құлайды», - дейді астаналық ІІД.

Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін терезеге бала өздігімен аша алмайтын бұғаттауыштар орнату қажет.  Бұдан басқа, жиһаздарды да терезеден алысырақ қойған жөн.

Соңғы жаңалықтар