Астана тұрғындары қазақстандық ғарышкердің жерге қонған капсуласын көре алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында ашылған "Қазақстанның ғарыш жолы" тақырыптық көрмесі келушілердің қызығушылығын оятты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық орында мұндай көрмені ұйымдастыру бастамасын Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көтерді және біздің компания экспонаттарды әкелді. Бүгінде Қазақстанның ғарыштық қызметін насихаттауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның үстіне, біз көрсететін, біз айтатын дүние көп", - деді "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ вице-президенті Рашит Әбдіразақов.

Көрмеде келушілер назарына скафандр мен ғарыш кемесінің жерге қонатын капсуласы қойылған. Бұл капсуламен қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов жерге сәтті қонған болатын.

Сонымен бірге, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ көрмеге Жерді қашықтықтан зондтайтын KazEOSat -1 және KazEOSat -2 спутниктерінің макетін әкелді. Қазақстан ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов туралы ақпараттық стендтер де қойылды.

Демалыс күндері көрмеде "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ қызметкерлері мен волонтерлері жұмыс істейді және келушілерге экспонаттар жөнінде қажетті ақпарат береді.

«Мұндай акциялар отандық космонавтиканың жетістіктері мен болашаққа деген жоспарын насихаттаудың және еліміздің заманауи ғарыш технологияларына деген халық қызығушылығын оятудың тамаша мүмкіндігі", - дейді көрме ұйымдастырушылары.

Көрме үшін өз алаңын ұсынған MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығына "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ ғимараттың ғарыштан түсірілген суретін сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар