Астана тұрғындары бір тәулікте қанша көлемде су тұтынады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2026 жылға қарай Астана халқы тәулігіне 340 мың текше метр су тұтынуы мүмкін. Мұндай болжам Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама-жобасында жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі артып отыруына байланысты Астана қаласын сумен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр. 2018 жылы елорда тұрғындарының су шығыны тәулігіне 269 мың текше метр, 2022 жылы тәулігіне 311 мың текше метрді құрады. Қалада тұрғын үйлердің белсенді салынуын ескере отырып, 2026 жылға қарай су тұтыну тәулігіне 340 мың текше метрге жетеді деген болжам бар», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдамада.

Құжатта көрсетілгендей, бас шаһарда ауыз судың резервтік көзін құру маңызды. Ол нақты шаралар қабылдауды талап етеді.

«Қазіргі уақытта елорданы сумен жабдықтау жалғыз көзден – 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген Астана су қоймасынан жүзеге асырылады. Қала халқы 1,3 млн адамға жетті. Астана қаласы үшін ауыз судың резервтік көзін құру жөнінде шаралар қабылдау қажет», - делінген 6 жылдық жоспарда.

Сонымен бірге Есілдің ластану проблемасы да жазылған. Атап айтқанда, бүгінде өзенді фенол, суспензия, магний сияқты заттар бүлдіріп жатыр.

Тұжырымдама жобасы 20 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар