Астана төрінде Жамбылға арналған жыр мен күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші жанында рухани-мәдени шара өтті. Жыр мен күй жәрмеңкесі жыр алыбының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл іс-шара қазақ ұлтының төл өнерлері – жыр мен күйді дәріптеп, бабалардың ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа таратып және оларды жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

«Жамбылға жаңа көзқарас» тақырыбы бойынша танымал қаламгер, филология ғылымдарының докторы, академик Уәлихан Қалижан баяндама жасады.

«Ұлы Абайсыз, ұлы Жамбылсыз біз қалай «Жаңа Қазақстанның» ұлттық құндылықтарын ұлықтаймыз?! «Жаңа Қазақстан» ұрпақтары – бабалар мұрасына зәру. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға жаңа форматты түсінік алып келді. «Жаңа Қазақстанды» хәкім Абайсыз, Жамбыл жыраусыз құруға бола ма? Болмайды», - деді У.Қалижан.

Ол осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысына ұсыныс-хат жолдағанын, онда: «Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық мақсат тұрғысынан бағалады. Алтын қылыш қынабында жатпайды. Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек» деп жазғанын атап өтті.

«Халық пікіріне назар аударған Президент Қ.Тоқаев өз Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрып, ғасыр Гомерінің 175 жылдық тойын республикада жоғары деңгейде өткізуді тапсырған болатын. Осылай Жамбыл өмірі мен шығармашылығына жаңа көзқарас қалыптастырып бергенін, үлкен қуанышпен жеткізгім келеді», - деді У.Қалижанұлы.

Тұшымды ойларын алға тартқан баяндамашы сөзінің соңын: «Жамбыл бабаның ән-жыры, күйлері мен айтыстары, дастандары қазағымен бірге жасайтын ұлттық құндылыққа айналып кетті. Енді тарих доңғалағы кері кетпейді, егемен, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде Жамбыл баба есімі жасай береді, жасай береді. Бүгінгі ұрпақ абыз Жамбылға коммунистік идеология тұрғысынан емес, тәуелсіздік идеясы тұрғысынан қарай бастады. Жамбылға жаңа көзқарас басталды», - деп қорытындылады.

«Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев өз сөзінде аталған іс-шара өнерлі жастардың талабын шыңдауға, бағын ашуға бағытталғанын жеткізді. Одан әрі: «Күй анасы» қоры басты мақсатының бірі ретінде ұлтымыздың төл аспабы – домбыраны, күйлерді, күйшілер мен композиторларды, сонымен қатар дәстүрлі өлең мен жырларды дәріптеп насихаттауды қолға алуда. Осы күнге дейін арнайы және қолжетімді шеберлерге 187 домбыраны жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін тараттық», - деді.

Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Құрман Байтас Жамбылдың «Төгейін жырды халқыма» деген толғауын шырқады.

Композитор Нұрғиса Тілендиевтің Жамбыл бабамыздың 100 жылдығына арнап жазған «Ата толғауы» атты күйін ҚР Мәдениет саласының үздігі Батырлан Әбенов орындады. Ал түрлі байқаулардың лауреаты Бауыржан Жолдыбеков композитор Төлеген Момбековтың «Жамбылға арнау» атты күйін шертті. Композитор Кентау Назарбек өзінің «Мен қазақпын» атты толғауын оқып берді.

Осы шара барысында Астана қаласының тұрғыны, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері Үміт Сәдуақасова өзінің Сәдуақасов Нұрәлі есімді немересіне домбыра сыйлады. Өнерлі жасқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші-ұстаз Орынбай Дүйсен бата берді. Одан кейін О.Дүйсен Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаевтың «Құлақ күйін» орындап, қошеметке бөленді.

Сонымен қатар «Күй анасы» қоры атынан елордалық «Нұржұлдыз» ұлттық музыкалық студиясының жетекшісі Айым Мұхтарқызы мен студия оқушылары Томирис Досжанова және Ақдияр Акшоринге 5 домбыра сыйға тартылды.

«Жыр мен күй жәрмеңкесінде» Жамбыл Жабаевтың өлеңдері оқылды. Атап айтқанда, Ақан Құрманов атындағы № 17 мектеп-гимназиясының оқушылары Бекасыл Оразымбет, Алияр Наврузов, Алина Ахметова, Арлан Қайырбеков жыр алыбының өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын және француз тілінде мәнерлеп оқып берді.

Дәстүр бойынша Жамбыл Жабаевтың жырларын және басқа күйшілердің күйлерін тарту сайысы өткізілді. Төрешілер алқасының шешімі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлерге сый-сияпат табыс етілді.

«Күй анасы» республикалық қоры мұрындық болған осы мәдени шараның өтуіне Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қалалық қоғамдық кеңесі және Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы атсалысты.


Соңғы жаңалықтар