«Астана Су Арнасы» жұмысшыларының өліміне қатысты тергеу жүргізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың Полиция департаментінің өкілдері «Астана Су Арнасы» мекемесінің төрт қызметкерінің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«23 мамыр күні сағат 16.24 кезінде Бауыржан Момышұлы даңғылындағы «Кәріздік-сорғылық стансая» аумағында жұмыс жүргізу барысында 4 қызметкер биогазбен уланып қалған. Аталмыш факт бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптама жұмыстары тағайындалып, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деп хабарлайды Полиция департаментінен.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында 4 адамның метан газынан уланып көз жұмғаны туралы кеше хабарланған болатын. Оқиға астанадағы Оқушылар сарайының маңындағы құдықтардың бірінде болған. Уланғандардың барлығы көз жұмған.

Қала әкімі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, төртеуі де - «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері.

«Өзімнің және әкімдіктің атынан марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Әкімдік барлық қажетті көмекті көрсетеді. Тиісті қызметтерге егжей-тегжейлі тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаның себептерін анықтауды тапсырдым», - деп жазды қала басшысы Facebook-тегі парақшасында.

Соңғы жаңалықтар