Астана спортшылары Республика күніне орай челлендж бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық спортшылар Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным!» акциясын бастады. Олар «Қазақстан – Республикам менің» өлеңін оқып, эстафетаны Атырау қаласының спортшыларына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Акция елордадағы мемлекеттік рәміздер алаңында басталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға өзгерістер енгізіп, 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп жариялады. Біз, Астана қаласының спортшылары, Республика күнін жаңа ұлттық мереке ретінде атап өтеміз. Осыған байланысты, біздің патриоттық акциямызды Республика күніне орайластыру туралы шешім қабылданды. Бұл челленджді Атырау спортшыларына тапсырамыз. Акция отандық спортты дамыту мақсатында өткізіледі. Челлендж тізбек бойынша еліміздің өзге қалалары мен өңірлеріне эстафета ретінде беріледі», - деді Олимпиада чемпионы, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев.

Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозовтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – патриоттық сезімді нығайту, халықтың бірлігін спорттық аренада да көрсету, еліміздің осы саладағы жетістіктерін атап өту.

Желідегі жеке парақшада #РеспубликаКүні, #ДеньРеспублики хэштегтерімен бейнероликтер жариялауға арқылы патриоттық акцияға кез келген адам қосыла алады.

«Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы қазан айының соңына дейін жалғасады.








Photo: gov.kz

Соңғы жаңалықтар