Астана соты желіде жала жабу жайлы: Әр азаматтың өз ойын айтуға қақысы бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Есіл аудандық №2 соты өткен жылдың қорытындысын шығарды. Соның ішінде әлеуметтік желіде жала жабу істері де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья Қанат Тобағалиұлының айтуынша, ондай істер жеке тәртіппен түседі. Ал істі қарау кезінде әлеуметтік желіде өз пікірін жазған адамның сөзі жан-жақты зерделенеді. Оның астарында біреуге тіл тигізу, я болмаса, қорлау сипаты болмаса, оны адамның жеке пікірі деп санау қажет. Ол үшін қылмыстық жаза қолданылмайды.

«Мәселен, Астанадағы бір танымал фирманың логотипін қолдануға қатысты оқиға болды. Оны әлеуметтік желіде кеңінен талқылаған болатын. Сонда бір адам Фейсбукте өз пікірін жазды. Жаңағы фирма болса, оны жала жапты деп, бізге арыз түсірді. Сот өзінің жеке пікірін жазған адамды ақтады. Себебі, оның әрекетінде қылмыстық сипат болған жоқ. Ол әдейі біреуге тіл тигіземен, жала жабамын деп, пікір жазған жоқ. Жеке пікірін ғана жазды. Демек, ешқандай қылмыс жасамады. Сосын Қазақстанның кез келген азаматы өзінің жеке пікірін ашық айта алады. Біреуді қорлау, тіл тигізу сипаты болмаса, ол адамның жеке ой-пікірі болып саналады. Ол үшін жала жапты деп соттай алмаймыз», - деді Қ.Тобағалиұлы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, брифинг кезінде судья Ескендір Сүлейменовтың қазасы үшін кінәлі деп танылған Малика Мұхитованы қамауға алу шарасы туралы айтып берді. Сондай-ақ, өз жігітіне кастрация жасаған келіншектің тағдыры жайында баяндады.

Соңғы жаңалықтар