Астана съезі дінаралық кикілжіңдерді шешуде тиімді қызмет атқара алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана съезі дінаралық кикілжіңдерді шешуде тиімді қызмет атқара алады. Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аясындағы "Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер" атты сессиясында Ресей дінаралық кеңесінің атқарушы директоры Дмитрий Сафанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қоғамда әртүрлі мәселелер бар екендігі шындық. Мәселен, Ресей провослав шіркеулерінде де кұрмеуі шешілмеген күрделі жайттардың орын алып отырғандығын жасыра алмаймыз.  Ал бүгінгі сессия тақырыбына оралар болсақ, терроризмге қатысты нақты түсінік қалыптасуы қажет. Террористер дін атына жамылып өздерінің қара ниеттерін жүзеге асыруға тырысады. Бұл ретте дін көшбасшылары оны шешу жолында маңызды рөл атқара алар еді. Терроризмді болдырмау үшін қоғамдық, азаматтық институттарды тарта отырып, күш біріктіруіміз керек", - деді Дмитрий Сафанов.

Оның айтуынша, экстремистер діннің атын жамылғанымен дінге еш қатысы жоқ адамдар. Көп жағдайда терроризм дінаралық татулықтың, өзара достықтың болмауы салдарынан туындап жатады. 

"Ойымды түйіндей айтар болсам, Астанада өтіп жатқан бұл съезд дінге қатысты барынша өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай олардың арасындағы кикілжіңді шешуде, терроризм, экстремизм көріністерінің алдын алуда тиімді қызмет атқара алады", - деді ол.

Айта кетейік,  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен  басталған болатын. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты. Биылғы жаһандық шараның басты және негізгі тақырыбы - «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін».

Соңғы жаңалықтар